Ғұмырнама

Қайта қонған қаршыға немесе БҰРЫНҒЫНЫҢ БУНАҒЫ

Жоғарыдағы бір орайда Досжан ақынның есімі аталғанда оған да тоқталамын деген едім. Енді соның да кезегі келді.

Қартайғанша өмір сүрген бұл кісі бырыңғай ақындық өнермен шұғылданған екен. Жасырақ кезінде де, жасамыс шағында да апталап-айлап ел ішінде — өлең өрісінде жүргендіктен шағын шаруасына қарайтын уақыт таппаған. Мұсылманша сауатын ашқаннан кейін-ақ шежіре-тарих тарапынан көп мағлұмат алғандығы жырларынан байқалады. Оның қайда жүріп, қандай қор-қорабадан жинағаны белгісіз. Әйтеуір, өз замандастары Мұрат, Қашағандар секілді бұл да көсіле жырлап кеткенде сөз төркінін әріден, түптен тартып отырады.

Мен бұл кісінің ұзын өмірін түгелдей қуалай сөйлеп отыра алмаймын. Оның қажеті де жоқ. Ел-елді аттан түспей аралайтын ақындар өмірінің қандай болатыны белгілі ғой. Олар біреуді мақтаса, біреуді жамандайды, айтыс сайысына түспей жүрмейді. Кейде олар көне хиссаларды да өзінше жырлап жүре береді. Досжанда мұндай қасиеттердің бәрі де болған.

Зерттеуші ғалым болмасам да, Досжан мұрасын сала-салаға жіктеп, сонын әрбірінің әл-қуатын, идеялық бет-бағдарын екшеп елеп-ақ берер едім-ау. Әттең, даярлығым жетіспейді. Баяғы он үш жасымда күні-түні отырып көшірген Досжан жырларының бірде-бірі бұл күндерде қолымда жоқ /Себебіне сәл кейін тоқталамын/. Ал казір көне жазбалардың шаңын шығара архивтен ақтарып-төңкеріп отыратын уақыттан кешіктім. Кешікпеген күнде де баяғы мол дүние /мұра/ енді қолға түспес еді, сондақтан бұл жазбада ақын атамның өміріне байланысты бағзы бір жәйттерді «үзілмеген өркеннің» дәлелі сипатында ғана пайдаланумен шектелемін.

***

Қожбанның бала кезіндегі оқуға ықылассыздығы мен қыңырлығы жоғарыда айтылған еді. Кейін есейіп үйлі-баранды болғанда сол мінездері өзінше өрістеп, өзінше қалыптасқан. Ол кісінің өзі ойлап шығарған ережелері бойынша малдағы адам ораза ұстағанда, наннан басқаны жей беруге болады, «бисмиляні» айтып алып, соңына «Алакпір» деген сөзді қоссаңыз, сол толық оқылған аяттан кем болмайды. Еркек адам өз тілегін айғайлап айтпаса құдай құлағына жетпейді, әйел тақымы тиген атты бәйгеге қосуға болмайды. Осы сияқты толып жатқан Қожбан заңдарынан мен әлгі «айғайламайынша құдай құлағына жетпейтін» ережесінің бір мысалын өз мақсатыма пайдаланғалы отырмын.

Бір жылы құмда қуаңшылық болып, аспан жаз бойы тамбай қойыпты. Ел тасаттық беріп жатқанда Қожбан оған қолды бір сілтеп кете беріпті. Бір күні күтпеген жерден іргені бұлт торласын. Лезде әлгі бұлт тұтаса көтеріліп, күн күркіресін, нажағай жалт ойнасын.

Сол сол-ақ екен, Қожбан ерттеулі тұрған көк бестіге мініп алыпты да, «Қазір мен сонау бір қалың бұлтты ертіп келемін!» деп шаба жөнеліпті. Шаба жөнелер алдында ауылдағыларға былайша жарлық беріпті:

– Үй-үйдегі қатын-қалаш, бала-шаға түгелдей менің айғайым естілгенде сыртқа шығып, қолдарын аспанға жаятын болсын!

– Басыбайга жау!.. Басыбайға жау!.. Басыбайға!..

Әлгі шарт бойынша, бұны есітіп далаға шыққандар аспанға қол жаяды.

Бұдан арғы әңгімеде, әрине, жаңбырдың басқа жерге жауғаны айтылмаса да, Басыбайға жауғаны мадақталады. Қожекең Құдаймен тілдеспесе де, соған жақын дәріптеледі. Бірақ, ең қызығы басқа жерде жатыр. Мәселен, былай:

Бірнеше күн сапарда жүріп, ауылға келген соң Қойыс әлгі әңгімені /болған оқиғаны/ есітеді де, ішек-сілесі қатқанша күледі. Содан кейін ағасын өтірік те болса мақтайын деп үйіне барады, түстік жейді.

Бұл Қожбан баласы Досжанның сегіз жасар кезі екен. Қойыс жайғасып отырғаннан кейін Досжан оған:

— Молда аға, — депті /ол кезде солай деп оқымысты адамды айтқан ғой/ — көкем бұлтты ауғызды, Басыбайға жауғызды, Аты басып кете жаздады шеткі үйдегі дәу қызды.

Қожбан баласының бұл сөзіне тыжырынып:

— Тәйт, әрі!.. Тантымай отыр!.. десе керек. Ал, Қойыс өлең сөзге елең ете қалып, балаға:

— Жаңағы сөзіңді қайталап айтшы – дейді. Бала жаңағысын сәл өзгертіп қайталайды. Сонда Қойыс:

— Қайта қонған қаршыға осы болып жүрмесін?! Бәлкім, бұрынғының бунағы шығар бұл – деген екен.

Қайта қонып жүрген қай қаршыға екенін, бұл қай тұстағы бұрынғының бунығы екенін Қойыс ешкімге де айтпаған. Әйтеуір төкпе ақындық Қожбан баласынан шықаннан кейін Қойыстың өнер бастауын өзінен де әріге сілтеумен келісеміз.

***

Досжанның бозбала шағында себек ішіндегі Шәлен деген ақын қызбен айтысы /екеуінің де сөзі/ тұнып тұрған махаббат лирикасы секілді еді. Екеуінің де бірін-бірі үздіге сүйген лебіздері лекіп жүріп отырып, екі жақта аттастырып қойған жерлерін аттап кете алмайды. Аянышты-ақ!..

Жайық Арғынбай ақынмен Досжан айтысында ру ала ауыздығы негізінде аяусыз кескілесу бар:

Досжан:

Арғынбай ақынымсып шарқылдайды

Орыс көз, түрік ерін, тышқақ сары –

деп, қарсыласының әлсіз бақырауықтығын, қазаққа ұқсаңқырамайтын түрі-түсін кемсітсе,

Арғынбай:

Тартып жүр өсегіңді Досжан ақын,

Қазымсың асыранды сорлы ғана,-

деп, Досжанның аз рудан екенін бетіне басады.

Мұрат Мөңке ұлымен екі арадағы әңгімеде де осындай ілік-шалыс байқалады: Досжанды Мұратпен айтыстырмақ болып, екі арада кісілер жүрулі. Айтысуға екеуі де келісім беріпті. Бірақ, екі ақын екі түрлі шарт қойыпты.

Досжан шарты:

– Жайықтың шығыс жағын ол алсын, батыс беткейін мен аламын.

Мұрат шарты:

– Он екі ата байұлын мен алайын, айтысқа ол өзінің жеті руымен түссін.

Мұраттың шартын қабылдаса, тепе-теңдік бұзылатынын ескерген Досжан кездесуге келісім бермепті.

***

Дәл қай жылы екенін айту қиын, әйтеуір жасы ұлғая келе Досжанның көзі көрмей қалған.

– Сен үйіңе келген кісіден жақсы райыңды жасырып, төмен қарап отырушы ең. Содан соқыр болдың.

Кісінің бет-жүзіне қарамай, ойындағысын тура айтатын менің туған атам Жармұхамбет Досжанға бұлай дегенде, мүмкін, ол кездегі ақындардың алуға бар да, беруге бейім еместігін шенеген шығар. Бірақ, меніңше, дәл осы арада Жәрекеңнің мұнысы аса орынды айтылмаған пікір. Мен бұны өз анам Бағдагүлдің әр кезде қайталаған бір естелік сөзіне сүйеніп айтып отырмын.

– Өлеңші атам /Досжанды солай атаушы еді/ отырған жерінде астындағы төсеніш көрпенің алдыңғы пұшпағына саусағымен жазу жазып, ойша өлең жасаушы еді. Ондай кезде қасындағы кісімен ісі болмай, төмен қарап отыратын.

Әрине, Бекеңнің бұл сөзіне түсінік беріп жатудың қажеті жоқ. Бұл, сөзсіз, ақын табиғатын танытатын мінездеме, дәл бақылау.

***

Бір ғажабы, Досжан өзінің «Правитель Мақашқа айтқаны» делінетін аса көркем атақты туындысын осы көзі кеткен тұста дүниеге келтірген. Ол осы шығармасында:

Кәрілікке жеңдірдім

Топқа түсіп жүре алмай,

Дүбірді көрсем қозамын

Сабыр етіп тұра алмай – дей келіп:

Қартайғанның белгісі

Соқырлық кірді көзіме.

Жүрген жерім Мысыр болып тұр

Бұл Нарыннан безуге, –

дегенді айтып торығады. Сөйтіп отырып көне көкіректен ауызша суырған арналы да аталы сөздер көзі бардағы жазба дүниелерінен де әлде қайда биіктеп кеткен секілді. Бұл шығарма мынадай жағдайда туған.

Бекмұхамбетов Мақаш правитель кадет корпусын бітірген, география қоғамының мүшесі болған, прогресшіл, білімді кісі. Көшпелі елді отырықшылыққа айналдыру, баласын оқытып, егін салғызу, малын асылдандыру жөніндегі оның орыс тіліндегі проблемалық мақалалары бұл күнде әмбеге аян.

Бір жылы орыстың атақты ақындары Ярослав Смеляков пен Михаил Луконин біздің үйде сол Мақаш мақаласын оқи отырып: «Апырау, мына кісі орыс тілін бізден де шұрайлы пайдаланады ғой!» деп, қайран қалған.

Осы Мақаштың Әміржан деген баласы Қазан қаласында оқып жүріп қайтыс болады. Ол аз дегендей, сол қалада оқып жүрген Жәмил есімді баласы және қайтыс болады. Соңғысының қазасын есіттіруге елдің ең бір даулы ауыз дегендерінің өзі беттей алмайды. Игі жақсылар өз-ара ақылдысып, бұл миссияны Мақашпен көңілдес, жасы да түйдей құрдас Досжан ақынға жүктейді. Әсіресе, өлең сөзі әсерлі екені ескерілген болу керек.

Досжаның Қатпа деген баласы соқыр әке мінген атты шылбырынан жетекке алып, Мақаш аулына беттейді. Бұлар ара қонып келгенде Мақаш өзінің қабырғалары бөренеден түзілген көп бөлмелі көк үйінде отыр екен.

Сөз арасында айта кетейін, бұл көк үй совет тұсында Ганюшкиноға көшірілген. Аупартком хатшылары бірінен соң бірі келіп, сол үйде тұрды. Мен де неше дүркін сол үйдің қонағы болған едім. Тап қазір ол үйдің қандай екенін білмеймін.

Жол соқты болған Дошекең алғашқы күні моншалап, қымыз шайлап, жеңіл қонақасымен дамылдап дегендей, сөзге келесі күні кірісулі. Кейінгі айтылуда бұл ақуал былайша суреттеледі:

Көк үйдің сол жақ қанатындағы үлкен бөлмеде ертеңгі астан кейін басталған жыр біршама өрістей келіп:

Хан баласы ұқсаса

Қолына тұрмас ел алмай,

Би баласы ұқсаса, –

Жүгінсе қалмас төр алмай,

Ер баласы ұқсаса

Дұшпаннан қалмас кек алмай,

Жабыдан туған жалдыны

Жаратып қоспа бәйгеге,

Қоссаң да қалар келе алмай –

деген жеріне келгенде Мақаш бір қалың ойға шомғандай сыңай танытады.

Бұл заманның адамы

Жарлыны байдан кем көрер

Жетесіз әкім жеттім деп,

Жиренсе тентек тебіренер,

Тентегін ханмен тең көрер –

дейтін жерінде правитель кенет сергіп, «жөн жөн-ақ!» деп қалады.

Атамыз Адам, Хауана

Топырақтан жаралған,

Дүниеге шығып таралған,

Әбілді Қабыл өлтіріп,

Басталған өлім солардан

Гасиліктен сақтанған

Айтылды кеңес жоқ-бардан,

Түсіндірмей тоқталман.

Өлмей жүрсек көз көрер,

Шешендерден сөз келер

Сөзін түйер өзгелер,

Күні біткен күнде өлер,

Айы біткен айда өлер,

Жарлы да өлер, бай да өлер,

Қара да өлер, хан да өлер

Жаңа көрген нәрсе емес,

Естіп құлақ үйренер, —

деп, жыр шумақтары одан әрі қарай бір буалдыр тұманға бас сұға бастағанда правитель орнынан тұрып, екі қолын арқасына айқастыра ұстаған күйі, ары-бері адымдап жүріп кетеді, түсі бір түрлі түтігіп:

— Ау, мына зар жақ бірте-бірте бұзылып барады ғой, жылқыдан мал алдырып қазан көтеріңдер! – деген екен.

Мен тым балаң кезімде танысқандықтан Жәмил өлімін есіттіретін ең бір ауыр жерін ұмытыңқырап қалыппын. Әйтеуір, айтып-айтып келіп:

Көгістің ұлы Таманы,

Нәріктің ұлы Шораны,

Әміржандай баланы

Жоқ еткен Қазан қаласы,

Алланың қылған ісіне

Адамның бар ма таласы,

Назырып оған тұрғанда

Соңынан кеткен Жәмилжан,

Бақи күнге бағынған,

Көш басшы қоныс қарасын,

Қалғанды аллам жарылғар,

Хақтан тілек жат етіп,

Айырылмалық Пазылдан, –

детұғын сөздері есімде қалыпты, /Бұлардың арасында талай тамаша өлең шумақтары түсіп қалып жатыр/.

Осы арада білгізе кететін бір жәйт: Мақаштың Пазылдан кейін де баласы болған. 1952 жылы сақалсыз шашы, қою мұрты аппақ қудай бір үлкен кісі менің «Әке сыры», «Біздің ауылдың қызы» дейтін дастандарымды орысша жолма-жол тәржімәлаған еді. Ол кезде «Құрманғазыны» жаңа бастап жазып жүрген едім. «Қарағым осы дүниеңді тезірек аяқтасаңшы, көзімнің тірісінде тым құрыса жолма-жол аудармасын өзім жасап беріп кетейін» дегені де есімде. Сол кісі маған тегін танытуға мезгіл мінезінен именді ме, кім білсін, әйтеуір өзін белгізбеген күйінде дүниеден өтті. Ол кісі Мақаштың кіші әйелінен туған Шапхат екенін мен кейін білдім.

Жә, енді Досжан хақындағы сөзді аяқталық. Досжанның жаңағы Қатпа деген баласынан Сәлім туған. Сол Сәлім ағай өзі тірнектеп жинаған Досжан мұрасын /әрқайсысы әр кезде әркімнің қолымен жазылған көне қағаздарды/ маған көшіртуін көшіртіп еді-ау. Жоғарыда аталған айтыстарды, әлгі «Есіттіруді», басқа да ұсақ мысал, мысқыл сөздерді қара сүрікпен тысталған қалың дәптерге жәдитше мен де мөлдіретіп көшірудей-ақ көшіріп едім-ау!..

Сәлім ағай өзіндей мұнайшыларды демалыс күндері үйіне жинап жиі-жиі думан құратын. Сонда мақтаншақ ағай әлгі дәптерді кім көрінгенге оқытатын. Көбінше қонақтар кеткенде өзі мас болып жатып қалатын. Өзіме көшіріп алу үшін тым болмаса әлгі көне қағаздарды менде қалдыра тұрыңыз деп жалынғанымда мені баласынып, соны бермей алып кеткен.

Берегіректе, соғыстан кейін елге барған бір сапарымда мен одан сол дәптерді талап еттім.

– О-ой, пу-у-й, қарағым Хамитжан-ай, одан айырылып, мені қара басқалы қашан?!.

– Анау ұсақ нұсқалары-ше?

– Ойбай, қасқа болғанда түгелдей ұрлатып алдым ғой…

Пәпке… Түгел пәпкесімен кетті ғой..

– Іздестірмедіңіз бе?

– Қай қазақ маған үйін тінткізеді?..

Ішімді ит жыртқандай күйде ошарылып отырдым да қалдым.

Досжан мұрасынан құр қол себебіме кейін тоқталамын дегенде, білгізбегім осы еді.

1984, 85 жылдар.