Арал тасып айлаққа көлбегелі
Тебіренсе де теңізді «көл» деп еді.
Баста солай әдейі атаған ба
Құрығанын күні ертең көр дегелі?..
Өзендердің тәңірі – Ертісінен
Есек өтіп, айырылса жер түсінен,
Бунақ-бунақ Бұқтарма жағасына
Шығып жатыр көпіршіп дерт ішінен.
Талай заман күркіреп Талас та ақты,
Талас қашан тасымай толастапты?..
Атан нарды қақшыған қақпақылдай
Тау суында өзгеден ол асқақ-ты.
Сол ақиқат лақаптай тегі жалған,
Бұл күндерде қаңырап түбі қалған.
Бір кездегі сыңсыған ну тоғайлы
Жағалауы жарғақтай түгін алған.
Дейтіндей-ақ осы елдің енді ақыны
Кер ауыздан бұл жұрттың кем бе ақылы, –
«Сырдың суын сирақтан асырмаған»
Әулекінің айтқаны келді ақыры.
Сол әулекі бір кезде ұрып төске,
«Жайық суы, деуші еді, қырық бөшке».
Қырық жалғау қыл тамақ сол өзен де, –
Осы өлкеден су біткен үрікпес пе?!.