Ғұмырнама

Құжырада

Абдулла абзидың көше жақтағы көк үйінің арты түрлі дүкен, қойма, қара монша, ат, сиыр қораларына жалғасып тереңдей береді екен. Сыланың үлесіне де бір құжыра тиді. Алдында кішкене дәлізі бар бір бөлме. Бірақ, осының өзі дала әйеліне хан сарайындай көрінді. Екі терезесі әйнекті, едені – сырлы тақтай. Пешінің үстіне балалардың жатуына да болады. Қазақ байларының қалада қарағай үйлері болады деуші еді. Сонысы осындай-ақ шығар, – деп ойлады Сыла.

Ендігі шарт – Гүлсім ханымды ренжітпей, сол кісінің талабына сай танылу, көңіліндегідей қызмет көрсету. Келісім бойынша, өзі де, балалар да тамақтан таршылық көрмейді. Көйлек-көншек сатып алуға жарайтын аздаған тиыны да бар.

Гүлсім ханым бұларды келген күні-ақ ішпәра, бәліш самсаларға тойғызып, қара моншаны қалай пайдалану тәртібін де үйретті. Кірді қайнатып алып жуу дегеніңіз Сыланың бұрыннан-ақ өз дағдысы болатын.

Келісім бойынша Сыланың міндеті – кір-қоң, едендерді жуып, от жағу, күл шығару ғана. Ал сиыр сауып, тамақ пісіруге дала қазағының әйелі білімсіз деді ме, әлде тіпті кіді көзқарас болды ма, — әйтеуір ол жұмысты бұрыннан осы үйдің есігінде жүрген татар кемпірдің үлесіне қалдырды. Сыла оған қуанбаса, намыстанған жоқ. Өйткені, өз өнерін жалғастырып, қосымша табыс табуға қолы босайды.

Құжыраның пеші жағылып, терезелерінің іші-сырты жуылды. Қоржындағы терме алаша еденге төселді. Азын-аулық ыдыс, киім-кешек, көрпе-көпшік те бөлме ішінен өз орындарын тапты. Оның бәрі де Сыланың әлгі әзірде тындырған жұмыстары. Қара моншадан тап-таза буланып шыққан екі бала да жайлы мекен тапқандарын сезетін секілді. Сөйтіп көңілі көншіген Сыла бір сәтке тізе бүгіп бата қылған: «Іші құтты болсын!.. Әумиін!» деп бетін сипаған. Бесін намазынан кейін тағы да жолығарсың деген Гүлсім ханым сөзі есіне түсіп, енді ол көк үй жағына барып қайтқалы отыр.

Қожбан қара моншадан шыққан бетте алаша үстіне жылы киімшең жата кеткен еді, сол күйінде ұйықтап қалыпты. Суық сорған балғын денесі қанша жылынса да, тап қазіргі күн жарықта бес жасар Қойыстың ұйықтай қояр түрі жоқ. Бұлтиған екі беті нарттай қызыл, өзі аппақ. Бұл баланың өңінің ақтығы әсіресе моншадан кейін анығырақ байқалғандай. Егер туған анасынан басқа біреу дәл қазір көрсе «қара қазақтан да осындай ақ бала туады екен-ау!..» дер еді. Көздері де оншалық мойылдай қара деуге келмейді. Қазақ мұндай адам баласын қой көзді десе керек.

Анасының бақылауынша, Қожбан біреудің «Атың кім, әкең аты кім?» деген секілді сұрақтарына қыңырата, сырт айналып жауап берсе, Қойыс ондай сұрақтар қойған кісінің көзіне қарайды екен. Бір аз отырғаннан кейін ғана жауап қатса қатады, өйткісі келмесе, әлгі кісінің көзі бұдан тайқығанға дейін содан қарашығын аудармай, үнсіз тесіле қарап отырады да қояды екен.

Қойыс дәл қазір терезеге ғана тесіле қарап отыр. Бәлкім, бұл бүкіл бес жылдық өмірінде ұшырастырмаған әйнекті таңырқайтын шығар: шешесінің кішкентай қол айнасына ұқсамайтын, өзі бар да, түсі жоқ, бұл сонда нендей зат дейтін шығар. Әлде бұрын түндіктен, түрулі есіктен көрінетін күн жарығы бітеу керегені жарып шыққаны қалай дей ме екен? Әлде сонау терезенің арғы жағында ер салып жатқан екі ақбоз атты қызықтай ма?.. Ол да мүмкін. Өйткені, мұндай мойындары ұзын, аяқтары одан бетер серейген, бойы түйедей биік жылқы баласын ол бұған дейін көрген емес. Қысқасы, даладағыдан мұндағының бәрі өзгеше. Соның бәрін ол сәби түйсігінің жеткенінше зерттейтін тәрізді. Міне, осы бір сәби – менің бабам болатын.

Мұның бәрі қарт әжеміз Сыланың кейінгі буынға өз аузымен айтқандарынан алынды. Ол кісінің бұдан кейінгі сырларынан төмендегіше тағы бір тарау түзіледі.

Ғұмырнама

Алғашқы адым

Сәуір айының орта шені жұтта қырылған малдың өлімтігін еріген қардың астынан сол күйінде шығарып жатты. Станица тұрғындары оларды селеннен сыртқары жерге сүйретіп апарып тастай берген екен. Селеннің бұзау табынын жаятын бақташы балалардың қатарына қосылған Қожбан бір күні көзімен көрген сол ақуалды үйге айтып келеді. Жұтта өлген қой-ешкі түліктерінің жүндері жиди бастағанда жүндеуге оңай екенін Сыла үлкендер аузынан талай естіген. Ол енді сол іске талаптанды. Күн сайын үй жұмысын аяқтасымен, бесін әлетінде қолына қапшық ұстап солай қарай шығатын болды. Олжасыз қайтпайды. Әр күні жинап алғандарын ыстық суға қайнатып, содан кейін кептіретін болды. Жинағандары ақыры қанар-қанар қазына құрап, бөлменің бүтін бір қабырғасын тіреп тұрады. Обалы нешік, Гүлсім ханым оның кәсібін шет көрген жоқ. Тіпті оның түрлі түсті бояулар алғызуына көмектесті /әрине, жалақысы есебінен/.

Жаз ортасына дейін тынымсыз иірілген жіптер шілдеде қызыл, жасыл, көк, сары деген секілді түрлі түсті тіндер құрап өрмек түзеді. Әуелі тақта, терме алашалар, басқұр шеттері көрінеді. Олар сырт, іш киімдік кездемелерге, балалардың аяқ киімдеріне айырбасталады. Біреуден біреу құлақтанып, қора төріндегі құжыраға әйелдердің келуі жиілейді. Бірақ, Сыланың жиған қоры ұзаққа бармай сарқылады. Енді ол қолында бардың қалдығынан кілемше тоқып, содан көздің жауын алардай қоржын жасайды. Қоржынның ішкі жақтары алашадан болғанымен сыртқы екі бетіндегі түкті кілем үздік ісмердің өнерін айтпай аңғартады. Келген кісілердің көруі үшін ғана жаратылаған бұл тамаша қоржын ел аузына ілігеді.

Енді жұрт «шебердің қолы ортақ» деп, жүн-жұрқаларды Сылаға өздері әкеле бастайды. Келесі жылдары бірді-екілі «Сыла кілемі» атанған жаңа мүлік саудагер татарлардың үйлерінен көрініп те үлгереді. Сөйтіп, бастапқы өлексінің жүні Сыланы пәлендей байытпаса да оның ел ішінде сирек кездесетін үздік өнерін танытуға әбден жарайды. Сол-ақ екен, Сыланың бұл жұмысы кенет бұрылыс жасап, басқа бағыт алады; Гүлсім ханым ісмерді үй қызметінен бір жола босатып, қасына ұршық иіретін, басқа да көмек көрсететін екі-үш әйел қосып беріп, кілем тоқуға отырғызады. Жүнмен қамтамасыз етуші Гүлсімнің өзі болады.

Саудагер психологиясы белгілі ғой, пайдасы мол қызметшіге ерекше ілтифат та тиесілі. Қойыстың бағын ашуға бір себеп – міне, осы ілтифат. Оның үстіне Қойыс пен Жәмилдің бірден-ақ үйлесе қалған жан жарастығымен кім болса да санасуға тиісті еді.

Жәмил – Абдулла мен Гүлсімнің сүйікті ұғылы. Оның жасы Қойыспен түйдей құрдас. Бұл екеуі бірінші кластың өзінде қол шананың, сыңар аяқпен сырғанайтын конектің қызығын біріге көріп, жер аяғы босанысымен-ақ асықты басқа балалардан одақтасып ұтқан-ды. Абдулла сауда сапарынан оралып, күйме доғарылса болғаны – екі ақбоз аттың маңайында атшының қасынан қалмай осы екеуі жүретін. Екі атты мініп барып Жайықтан суаратын, ат қорада ұзақ тұрып қалғанда қыдыртатын да осы екеуі болған. Бұлардың достығы бірінсіз бірі ас ішпейтін дәрежеге мектеп жасына дейін-ақ жеткен-ді. Есігімде жүрген жетімек қой деп, өзін жоғары сезіну Жәмил мінезінде байқалмаған. Осының менен бір артықшылығы бар-ау деген ой Қойыстың да өңі түгілі үш ұйықтаса түсіне енбеген. Қайтып ойнамай қояр деп қорқа ма, әлде жанымен жақсы көрген досының қай қылығы да оған жөн көріне ме, — әйтеуір, Жәмил кейде Қойыстан көретін жәбірін де үйіне айтып бармайтын.

Мектеп жасына іліккен соң Жәмил жиырма шақырым жердегі Сарайшық станицасынан орысша оқып, ара-арасында молдадан сабақ алатын болды. Сонда оның жатып оқитын үйі де бар: Нағашы апасы сол Сарайшықта тұратын. Екі баланы ажыратпай, бұл оқуларға бірге берейік, Қойыстың оқу, жатақ, азық ақыларын табысым есебінен шегерерсіздер деген Сыланың сөзін Гүлсім бірден мақұлдады. Мүмкін өз баласы жалғызсырамасын дегені шығар. Естіген татар ертегілерін қайталап айтып беруге келгенде, асыранды қаз-үйректің шелек-шелек жұмыртқасын базарға шығарар алдында санатқанда да Қойыс соған досынан гөрі жетігірек көрінетін. Гүлсім жайшылықта Сылаға «Бу малайыңыз бик ұғымтал бит, әгәр мәқтәпқа барса, озық шәкірт бола» деп, татар, қазақ сөздерін араластыра, Қойысты мақтап отыратын. Осы жағынан келгенде де бұдан өз баласына тиер пайданы ойлауы мүмкін.

Сөйтіп, бұл екеуі жұбын жазбай оқуға түссін де кетсін. Бұларға киім өзгертіп, кір-қоңын жуғызып қайту үшін ауық-ауық үйге соғып отыру оп-оңай. Үйшіктен Князьға жолаушы тартатын жәмшіктердің көбі – Абдулланың тамыр-таныстары. Олар екі баланы бір прогонға ақысыз-бұлсыз отырғызады да, Шой тұсынан түсіріп кете береді. Кейде тіпті Гүлсім бұларды өз көлігімен де алдыра салады. Екі ақбоз аттың қызыл кілеммен тысталған үйрек басты ырғақ шанасына отырып алғаннан кейін екі дос ән шырқайтын:

Бу дружный мектеп

Оқиық біргәлап,

Қалмық біз артта,

Оқиық шәкіртлер!

Ия, шәкірттер біршама уақыт жап-жақсы оқыды, орысша, мұсылманша сауат ашты. Жыл маусымдары жылжып өтіп жатты. Жаз айларында тоғайдан қарақат теру, қайыққа мініп қармақ салу, ат қыдырту, наурыз, құрбан айт күндерінде қазақ ауылдарына барып ат жарыстыру – бәрі де үш-төрт жыл ішінде өз қызықтарымен өте шықты, Қойыс қазақ ауылдарын көрген сайын «Мен осы ортадан шықтым-ау!» дегенді іштей ойлайтын да қоятын.

Бұлардың жасы он екіге толғанда Сарайшықтың оқуы түгесілді. Оқуын әрі қарай жалғастыру үшін алдағы күзге салым Жәмил Қазан қаласына жүру керек. Шақыру қағаз – қолда, қаражат – қалтада. Ол шаһарда Абдулланың туыстары да бар.

Ал, Қойыс қайтпек?.. Әрине, қысқа жіп күрмеуге келмек емес. Сыла болса: «Қаражатым жеткен күнде де сені ондай алысқа жібермес едім», — дейді. Есі кіріп, аз да болса білім дәмін алып, әр ненің парқын түсініп қалған Қойысты қинаған Сыланың «жібермес едімі» емес, жібермейтұғын жоқшылық. Жәмилмен бой таластыра алмайтын жағдайын ол осы жолы түсінді.

Ол осы тұста кісімен көп сөйлеспейтін, әлде нендей бір орыс кітаптарын үнсіз оқып, кейде татарша басылып шыққан мұңлы хиссаларды күңіренте жырлап, үйде отырып алатын томаға-тұйық күйге көшті. Қожбанға хат танытам деп әрекеттенетіні бар еді. Ағасының оқуға ықылассыздығын анық аңғарған соң ол әрекетті де тоқтатты. Ағасы оған бір орайда: «Сен бүйтіп менің басымды қатырма, селен сиырын бағып та мал таба аламын» — деп салған-ды.

Бұл тұста Қойыс Жәмилмен сирек кездесіп жүрді. Сол сирек кездесудің бірінде Жәмил оған өзінің әкесіне айтқан үзілді-кесілді бір байламын білгізді: Егер Қойыс қалып қоятын болса, мен Қазан қаласына бармаймын депті. Дәулетің жетеді шығынын ауырсынба, Сыла апайдың ғажайып өнерінен қыруар кіріс кіргізіп отырсың. Оның еңбегі осы жақсылығыңа татиды депті. Гүлсім де Жәмилдің бұл талабын қолдайтын көрінеді.

— Әтиің не деді?

— Оның не дейтіні жоқ, шынымен мені Қазан қаласында оқытқысы келсе, көнеді. Көнбеген жағдайда оның атынан отказ телеграмманы өзім беремін. Бұл – ультиматум!.. Ол бұған өз жауабын бүгін кеште айтады.

Әдепкіде Жәмилдің бұл сөзін әншейін жұбату деп ойлаған Қойысты соңғы шарт ептеп елең еткізейін деді. Бірақ, кім біледі, жеме-жемге келгенде қу саудагер жас баланы айнытудың амалын табуы да мүмкін. Қашан бай татр «ия» дегенше, қосымша орынға рұқсат алғанша, Сылаға бұл әңгіменің шетін де сездірмеу керек. Егер абзи Сыланың «баламды алысқа жібермеймін» дегенін естісе, сол бір ауыз сөздің өзі тілге тиек бола алады. Сондықтан Қойыс досына мәселенің осы жағын қатты ескертті:

— Гүлсім апай мен жөніндегі әңгімені менің шешемде білгізуші болмасын, сәті түсіп өкшем көтерілсе, жүретінімді шешеме тек сапар алыднда ғана өзім білгіземін. Әйтпесе, шешем соңғы жылдары одан-бұдан бас көрсеткен туыстарды жинайды да, олар бізді қазақ арасына қайтадан көшіріп әкетеді – деді Қойыс.

Сол күні кеште Жәмил мен Гүлсім Абдулланы екі жақтап иледі. «И-и-и!.. құдайым-ай!..» дегізіп отырып, ақыры көндірді. Ертеңіне Қойысқа да басқа бір бай татардың баласы сипатында орын сұраған қағаз жөнелтілді, ақшы аударылды, сондағы Абдулла туысына хат та жазылды.

Ол кезде бәрін де ақша шешеді, ұзамай-ақ шақыру қағаз Қойыс Қалдыбаевқа да жетіп үлгерді. Бұдан былайғы ағайын арасының, Сыланың бұл сапарға наразылығын, жылау-сықтау дегендердің бәрі де әншейін мезгілінен кешіккен істің салдары болды да, қала берді. Қыруар ақшасын төлеп қойған бай татарға қай қазақ ауыз ашып бірдеңе дей алады?!. Қойыс енді алыс сапарға аттанады, «Алғашқы адым» деп осыны айтып отырмын. Менің бабамның бастапқы өмірінен бізге жеткен бір мағлұмат осы.

Ғұмырнама

Лауазым мен өмір

Осылайша екі тарапқа бөлініп кеткен бұл семьяның бұдан кейінгі он жыл ішінде қай жағы қандай өмір кешкені маған мәлім емес. Шойда қалғандардың құжырадан кетсек, Қойыстан хабар-ошар ала алмаймыз деп, қазақ арасына көшпегені анық. Өйткені, Қойыс елге оралғаннан кейін оларды Жайықтаң батыс жағындағы Бақсай /Боқсақ/ өзенінің бойына Шойдан алғызады. Мұны да Сыланың кейініректе кіші келіні Сәрбиге айтқан бір сөзі растайды: Сәрби әжем «енеміз сөйлегенде татар сөзін араластырып отыратын» деуші еді, дәлелдеу үшін ол ұлы анамыздың мына бір сөзін неше дүркін айтқаны есімде: «Ақкүшік пен Таңатар мені күймеге отырғызарда үй ішінен бір нәрсе де алғызбай, барысын да татар үйіне тастап кетті» — деген екен Сыла. Осының өзі-ақ олардың Қойыс келгенше қоныс аудармағанын аңғартады.

Енді Қойысқа келейік. Қойыс Қазанда алты жылдан артық болмаған деседі. Соған қарағанда ол духовная гимназия дейтіннен әрі асып оқымаса керек. «Духовная» дейтін себебім – оның бес дәрежесінің біреуі молдалық болған /ол құран сөзін тәржімалай білген/ көрінеді. Және де ол орысша мен татаршаны ана тілі деңгейінде меңгерген көрінеді. Мұның бәрі тек қана әлгі айтылған мектеп қабырғасынан алынатын білім. Қойыс әрі әнші, ән шығаратын /«Қойыстың қоңыр әні» әлі де айтылады/, әрі ақын /«Адай ақынмен айтыс/ болған. Осының бәрінің үстіне ол еліне әкім боп оралған. Оның әлгі ел аузында қалған бес дәрежесіне енетін қыры-сыры осылар.

Әрине, Қойыс Қазанда оқи-біле, не бір озық үлгілерді көре келе бойында бұғып жатқан өнер көздерін ашуы әбден ықтимал. Ал, әкімдікке келсек, оны ол жерден ешкімнің де әкім етіп жіберуі үмкін емес. Ол, тегінде, оқуды бітіргеннен кейін өз губерниясына келіп, соның бір жерінде үш-төрт жылдай қызмет атқарса керек. Әйтпесе өз ауылына бірден ліпитот /депутат/ болып келе алмас еді.

Қойыстың молдалығын әкімдігі жеп қойған. Сондықтан оның ол мамандығын сол уақыттың өзінде де ешкім білмеген. Өйткені, ол ешкімге ішірткі беріп, ешкімнің жаназасын шығармаған. Ал, Еділ, Жайық аралығына кең тараған әншілігі мен ақындығына лауазым тигізген залал – мүлде басқаша, қайран дүлдүл бабамның түбіне жеткен, ажалынан бұрын өмірінің орта шенінде өлтірген – сол әкімдігі болатын. Оған сәл кейінірек тоқталамын.

Қойыс елі Нарын құмының түстік-шығыс жақ бөлегінен басталып, қатқылдық шеті орыс байларының жерімен шектеседі екен. Соған байланысты оның өзі де жыл маусымына қарай мекен өзгертіп, күз бен қыс айларын Бақсай өзенінің бойындағы Қамысқала селенінде, көктемді құм жиегіндегі Сорқабақ дейтін жерде, шілдені құм ішіндегі Басыбай аталатын қорығында өткізеді екен. Мен бұны Қойыстың ақын, әншілігін танытатын бір деректі үшін айтып отырмын.

Ақкүшік, Таңатар дейтін екі кеңесші серігі, Көк көз Нұрым есімді батыры қайда да Қойыстың өзімен бірге жүрулі. Бұлар сапар шыққанда көбінше әнмен жол қысқартады екен. Қойыс репертуарында «Қоңырша», «Жанайраш», «Қара балық» секілді көптеген қазақ әндері, татар, орыс әндері де болған деседі. Жә, енді әлгі деректі айтайын.

Жазғы желсіз тымық таң рауанында түйе сауғалы шыққан Қамысқала қатындары Қойыстың Сорқабақтан салған әнін анық есітіп жүрген. Ал, салт атпен желе жортқан өздері бұл жерге сәске түс шамасында келіп жетеді екен. Өйткені, бұл екі аралықта отыз бес шақырымдай жер жатыр. Осынша қашықтыққа демі жеткен зор дауысты ел осы күнге дейін аңыз сипатында айтады. Әрине, бұл аралықтағы жердің жазықтығы мен таңғы ауаның тұнықтығы дауысты алысқа алып қашуы заңды. Бірақ, соның өзінде де мұншалық жерге дауыстың дауысы ғана жете алса керек. «Париждың жазғы театрында Әміре Қашаубаев салған ән, звукомермен өлшегенде, 27 км. қашықтықты қамтыған» дейтін де сөз бар қазақта/.

Үлкен дау-шар талқысында немесе жеңіл-желпі әзіл-оспақта да тапқырлық таныта жүріп, Қойыс асқындар айтысына аса көп араласпаған секілді. Тегінде, ол өз лауазымынан қаймықса, сол лауазым айтыс ақындарының да алдарынан кесе көлденең тұруы ғажап емес. Аты-жөні бізге белгісіз бір адай ақын бұл кісімен айтысқалы Басыбай қорығына барулы. Сонда азын-аулық ақындық қақтығыс болған көрінеді. Екеуінің де сөздері түгел емес, жеке-жеке шумақтары біздің бала кезімізде бағзы бір шалдар аузында жүрді. Менің жеті жасымда бір көзіме ақ түсіп, соны ішірткімен емдемек болған Сапар есімді адай молда әлгі қақтығыстағы Қойыс сөзінен мынадай шумақ айтқаны есімде:

Келіпсің айтысуға адай бала,

Жеңіліп кетер еді-ау талай бала

Қойыстың бір өзінде бес бәйбіше,

Біздердің тәрбиеміз қалай бала?!

Осы өткен сексен алтының ноябрінде бір шаруасымен менің жиенім /жасы үлкен/ Кенжеғали Досжанов /Қойыстың Аққыз атты немересінен туған/ Алматыға келіп, біздің үйде болды. Ол кісі «мұндағы» бес бәйбіше» біз айтып жүрген «бес михнат» деген сөздің орнына қыстырылған бөтен сөз екен. Қойыста үш әйелі болған» деп, солардың аттарын атады. Ал, жарай-ды, солай-ақ болсын. Молда адайлығына тартып, мені алдасын-ақ. Әңгіме басқада. Атап айтсақ, адай молда да, Кенжекең де бұл сөзді айтыстың алғашқы қыздырма шақырығы /вызов/ сипатында түсіндірмек болады. Шынында екеуінікі де қате түсінік: мынау өлеңде «талайыңды жеңер едім-ау, бірақ, мен ақындық өнердің бұл түрімен айналысуды ыңғайсыз көремін ғой» дегенді аңғарту бар. Әлгі жердегі екі сөз шынында да «бес михнат» /дәреже/ шығар. Өйткені, оны айтыстан бес қатын шеттете алмас еді.

Айтқысы келсе, өлеңді сол минутында төге салатын қабілет Қойыс бойында болған. Оны «Шандоз» деп аталатын асыл тұқымды айғыры уланып өлгелі жатқанда үйден шыға бере айтқан мына бір сөзі дәлелдейді:

Жылқы мал өзге малдан сүйерім-ді.

Жылқы өлсе аллам білер күйерімді.

Байы өлген тұл қатындай қуаланды-ау,

Қайтермін сенің «Шандоз» үйіріңді?!

Осылай өмір кешкен әнші, ақын Қойыстың бұл қасиеттері оған өзінен бұрынғы қай буыннан ауысса да, әйтеуір әріден келе жатқаны анық. Оған әлгі оқу қонбаған ағасы Қожбаннан аса күшті Досжан ақынның тууы дәлел. Кейбір шығармалары Қаз. Ғалым Академиясының қорында сақтаулы Досжан ақынға да кейін тоқталамын. Оған дейін Қойыс ақынның, жоғарыда айтқанымдай, ажалына себеп болған әкімдігі төңірегінде бір сыдырғы білгізуімді өзіме парыз санаймын. Оның қай тұста өмір сүрген адам екенін де осы оқиғаға байланысты аңғарта алсам керек.

Ғұмырнама

Ақын өлімі

Сол заманның маңдайына жазылған патша салығы, хан салығы, жаннан пітір, малдан зекет секілді дін салықтары бар емес пе?.. Осынша қат-қабат шығындар шыдатпаған соң, басқалар секілді Қойыс қарамағындағы малшы, балықшы жұрттың да жұтаң бөлегі Еділбеттегі орыс, Астрахань жақтағы қазақ, қалмақ ішіне, сонау арғы түркмен адай түбегіне ыдырай бастайды. Отырықшылық жасаймыз, қыстауға қыстап, жазға салым қатқалдық жерде тары, тал егеміз, бақша саламыз, шоғырланған ел ортасында бала оқытамыз, сонда баяғыша табиғат таршылығына бола боспайтын боламыз деп жүрген Қойысқа мынау жұттан бетер қаталдық, әрине, қатты батады. Ол елдің бұлайша ыдырауын тоқтату үшін хан ордасына барып жеңілдік талап етпек болады. Ал, онда отырған кім еді десеңіз, ол ақырғы тақ пен тәжідің иесі Жәңгір хан болатын.

Қасында баяғы Ақкүшік, Таңатары бар Қойыстың күймеге үш ат жеккезіп, оны қоңыраулатып, күйменің алды-артына, қатарына да қарулы салт аттылар жүргізіп жолға шығуын бізге жеткізушілер салтанат сипатында айтады. Ал, шынында бұл ханға қыр көрсету болатын. Олай деуімізге екі дәлел бар. Айтылуда ол бұл сапарға ешқандай жетексіз, яғни, сый-сияпатсыз шыққан. Бұл – бір. Екіншіден, ол Ордаға тура бармай, Жасқұс маңында шатыр тігіп жатып алады. Әуелі жансыз салып, содан соң елші /кәдімгі парламентер/ жібереді. Хан да Орда мен екі аралыққа үй тіккізіп, Қойысты сонда қабылдаған деседі. Бұған қарағанда осынау сапарға дейін де талай хат жазылып, содан еш нәтиже шықпаған болу керек. Басқаша айтқанда бұл өзі ашыну сапарына ұқсайды.

Беріште Бегәлі мен Мүсірәлі,

Бөтеннің малын тартып, кісі ұрады.

Тақсырға өзіңіздей сенемін деп

Ілгері бастырмай жүр ісін әлі –

дейтін өлеңі де ханға жік-жапар бола қалдым деп тұрған жоқ.

Жә, сонымен бұл сапардан не шыққан дейсіз ғой? Өрт шыққан!.. Титтей де жеңілдік ала алмаған Қойыс басқа ауыртпалықтарға мойын ұсынса да, елді хан салығынан босататынын айтып аттанған, кейін сол айтқанын істеген.

Хан әдепкіде ұсақ, аяқтан шалу, жүйке жұқарту тәсіліне көшеді. Соны дәлелдейтін бір оқиға бар. Оны Оралдың Жалпақалында туып-өскен, кейін Алматының Ұзынағашында тұрған Мұрат есімді қарт маған Тайыр Жароковтың үйінде отырып айтқан еді. Ол оқиғаны білгізер алдында мына бір жәйттің аша кетейін.

Менің әжем /Ерғалидың шешесі/ Сәрби Мыңтөбе деген жердегі таз руынан, әкесі Дүзбай деген кісі. Қойыс сол Дүзбаймен құда болысып, өзінің Жармұхамбет есімді жас баласына осы қызды атастырып қойған кезі екен.

Әжем 93 жасында өлді /1930/. Ол маған көп әңгіме айтушы еді. Бір орайда Қойыстың отыз адаммен Дүзбай үйіне түскенін, сол жолы:

Айбалқан, Нұрбалқан мен Сәрби бала

Қойыпты оның атын неткен дан, – деп, Дүзбай қыздарын Қойыстың мақтағанын айтып, екі иығын көтеріп-көтеріп қойғаны да бар еді. Бұл Сәрбидің шөп желке балаң шағы екен.

Әлгі отыз адамның бес қаруы белінде болғанын әжем айтқан жоқ. Оны айтуға намысы жібермегенін енді түсініп отырмын.

Мұрат ағайдан естіген әңгіме мынадай:

Жәңгір ханның қайын атасы Қарауыл Қожа Қойысты бетінен қайтару үшін өз ауылына неше дүркін шақырып келтіре алмапты. Ақыры болмашы бірдеңелерді ілік қылып, төлеңгіттерге момын Дүзбайдың бір табын түйесін алғызады, өзін керегеге байлатады. Сөйтіп оны құдасына кісі шаптыруға мәжбүр етеді. Қарауыл қожаның өзі Қойыспен жолығысудың сәтін күтіп, сол төңіректің бір жерінде жатады. Бірақ, ол бұл жолы да Қойыспен бетпе-бет отырып тілдесудің орайын келтіре алмаған секілді. Өйткені, тартып алынған мал қақтығыс арқылы қайтарылған. Бұны да Қойыстың:

Тамада бес-алты ауыл көккөз Нұрым,

Ит қазақ соға алмайды одан бұрын.

Басқадан бас оздырып ол шыққанда

Құлағы болды қожа жырым-жырым, —

деген өлеңінен аңғарамыз. Бұл арада Қарауыл қожаның дәл өзі болмаса да, жігіттерінің әжептәуір таяқ жегені сезіледі.

Осы секілді егес, ерегістің аяғы насырға шауып, хан енді Қойыстың өміріне қастандық істеудің жолын қарастырады. Қазақ арасында ондай беделдің көзін жоя қою, елге мағлұм болған, екі арада асқынған өшпенділіктің ізін жасыру мүмін еместігін, яғни, өз қылмысының оңай әшкерленетінін жақсы түсінген хан қақпанды аулақтан құрады. Аулақтан болғанда да, Қойысқа қастық қылушыны оның өз достарынан – Қойыспен көңілдес орыстар ішінен іздестіреді. Солардың іштерінен ақшаға сатылатындарды ол таба да білген.

Қойысты өлтірмек болған алғашқы әрекет сәтсіздікке ұшырайды. Ол былай:

Кулагинодағы жәрмеңкеге Қойыс тобы салт атпен келген екен. Қойыстың өзі жоғарыда аты аталған асыл тұқымды айғыры «Шандозды» мініп келулі.

Жәрмеңкенің тарқар шағында ол өзінің досым деп жүрген бір атаманының үйінде қонақта отырады. «Құрметті қонағының» бұл үйден «есен-сау» кетіп, «кенеттен жабысқан белгісіз бір аурудан» өлуі үшін үй иесі ат үстінен алынбаған ердің үзеңгісіне ұлтаннан өте салатын аса бір күшті у жағып қояды. Ол у шыбындаған аттың қолдауына тиеді де, Қойысты жоғарыдағыша зарлатқан асыл жануарының өлімі бір ажалдан құтқарады.

Келесі жылы осындай бір жәрмеңке Жаманқалада /қазіргі Махамбет/ болады, Қойыс оған пар ат жеккен тарантаспен келулі. Онда да бір дәрежелі мырза /казак-орыс/ былтырғы «оңбаған разжалованный сатқынды» жамандап, Қойысқа серіктеріңізбен түгел үйге жүріп қонағым болыңыз дейді.

Міне, осы үйден аттанарда Мадьяр коньягына қосылған у Қамысқалаға /қазіргі Новобогат/ жақындағанда білінеді. Қойыс бұдан кейінгі екі сағаттық өмірін өз үйіндегі төсекте өткізеді. Сол уақыт ішінде ол айтты деген сөзден бізге жеткендері мыналар:

– Менің басым мазаланбасын: Бұл басты бағасын алушы берушіге апарып көрсетемін деп лахаттан ұрлап жүрер. Сол себепті атағым – Тосаба болсын!.. Молам – тасада болсын!..

Тасоба дейтін жерде осы күнге дейін елді мекен жоқ. Ол жерде көбінше киік жайылады. Қойыс зираты сонда.

Мен тарихшы емеспін. Тіпті ол заманның қорындағы жазбаларды жазушы ретінде де ақтарып көрген жоқпын. Айтулы ұлы көтеріліске байланысты жазылып жүреген деректерге Қойыс Қалдыбаев есімі ұшыраспайды. Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» атты поэмасында Қалдыбаев емес, Қалдыбай мен Таңатар бар. Ал, Қойыстың өлімі жоғарыдағыдай. Бұған қарағанда, Жайықтың шығыс жағында дүниеге көтерілістен көп жылдар кейін келген Шөреков Бөкейлікте сондай Жәңгір ханға қарсы атақты адамдар болғанын шала-шарпы есіту арқылы поэмасына солардың аттарын /біреуін фамилиясымен шатастырып/ сарбаз сипатында кіргізе салған секілді. Айтпақшы, Таңатардың Қойыс кегін алу үшін-ақ көтеріліске қатысуы әбден ықтимал.

Қойыс ақындығының бағы ашылмауына, тұтас дүниелерінің бізге жетпеуіне меніңше, екі себеп бар:

1. Бұл кісі көтерілістің алдында ғана өлтірілген. Сол себепті ол отты жалдарды жырлай алмады. /Түптен келгенде, Махамбет – соғыс продукциясы/. Бірақ, ақын өлімінің характерінен нені көреміз? Одан біз дауыл алдында Жәңгір үрейін ұшырғандардың бірі Қойыс болғандығын көреміз.

2. Қойыс өлісімен-ақ оның мөрін Қойыс баласы Аймағамбеттен себек шонжары Бегәлі тартып алады. Бұдан кейін, Қойыстың өзі айтқандай, бес-алты ауыл таманы байұлының мықтылары қатарға алмай, оның жақсысын да жасырып, кейінгі ұрпаққа ұмыттыру ниетіне көшкен. Ал, таманың өзінен жарып шығардай «бой бермесің» бола қоймаған. Ру таласының осындай озбырлығы қайда да болған ғой. Ал, кейінгі зертеуші, тарихшылардың да кегежесі кейін тартуына сол алдыңғы ата қылығы – «шылығы» салқынын тигізбеді дей алмаймын.

Қайткенде де ғылым мойындаған ГЕНЫ дегеніңізге «шылықтан» шығар залал аз: мен өзімді білемін, өзім арқылы бабамды білемін! Ол қарадан шығып хан болмаса да, ардан туып ақын болған кісі.

Ғұмырнама

Қайта қонған қаршыға немесе БҰРЫНҒЫНЫҢ БУНАҒЫ

Жоғарыдағы бір орайда Досжан ақынның есімі аталғанда оған да тоқталамын деген едім. Енді соның да кезегі келді.

Қартайғанша өмір сүрген бұл кісі бырыңғай ақындық өнермен шұғылданған екен. Жасырақ кезінде де, жасамыс шағында да апталап-айлап ел ішінде — өлең өрісінде жүргендіктен шағын шаруасына қарайтын уақыт таппаған. Мұсылманша сауатын ашқаннан кейін-ақ шежіре-тарих тарапынан көп мағлұмат алғандығы жырларынан байқалады. Оның қайда жүріп, қандай қор-қорабадан жинағаны белгісіз. Әйтеуір, өз замандастары Мұрат, Қашағандар секілді бұл да көсіле жырлап кеткенде сөз төркінін әріден, түптен тартып отырады.

Мен бұл кісінің ұзын өмірін түгелдей қуалай сөйлеп отыра алмаймын. Оның қажеті де жоқ. Ел-елді аттан түспей аралайтын ақындар өмірінің қандай болатыны белгілі ғой. Олар біреуді мақтаса, біреуді жамандайды, айтыс сайысына түспей жүрмейді. Кейде олар көне хиссаларды да өзінше жырлап жүре береді. Досжанда мұндай қасиеттердің бәрі де болған.

Зерттеуші ғалым болмасам да, Досжан мұрасын сала-салаға жіктеп, сонын әрбірінің әл-қуатын, идеялық бет-бағдарын екшеп елеп-ақ берер едім-ау. Әттең, даярлығым жетіспейді. Баяғы он үш жасымда күні-түні отырып көшірген Досжан жырларының бірде-бірі бұл күндерде қолымда жоқ /Себебіне сәл кейін тоқталамын/. Ал казір көне жазбалардың шаңын шығара архивтен ақтарып-төңкеріп отыратын уақыттан кешіктім. Кешікпеген күнде де баяғы мол дүние /мұра/ енді қолға түспес еді, сондақтан бұл жазбада ақын атамның өміріне байланысты бағзы бір жәйттерді «үзілмеген өркеннің» дәлелі сипатында ғана пайдаланумен шектелемін.

***

Қожбанның бала кезіндегі оқуға ықылассыздығы мен қыңырлығы жоғарыда айтылған еді. Кейін есейіп үйлі-баранды болғанда сол мінездері өзінше өрістеп, өзінше қалыптасқан. Ол кісінің өзі ойлап шығарған ережелері бойынша малдағы адам ораза ұстағанда, наннан басқаны жей беруге болады, «бисмиляні» айтып алып, соңына «Алакпір» деген сөзді қоссаңыз, сол толық оқылған аяттан кем болмайды. Еркек адам өз тілегін айғайлап айтпаса құдай құлағына жетпейді, әйел тақымы тиген атты бәйгеге қосуға болмайды. Осы сияқты толып жатқан Қожбан заңдарынан мен әлгі «айғайламайынша құдай құлағына жетпейтін» ережесінің бір мысалын өз мақсатыма пайдаланғалы отырмын.

Бір жылы құмда қуаңшылық болып, аспан жаз бойы тамбай қойыпты. Ел тасаттық беріп жатқанда Қожбан оған қолды бір сілтеп кете беріпті. Бір күні күтпеген жерден іргені бұлт торласын. Лезде әлгі бұлт тұтаса көтеріліп, күн күркіресін, нажағай жалт ойнасын.

Сол сол-ақ екен, Қожбан ерттеулі тұрған көк бестіге мініп алыпты да, «Қазір мен сонау бір қалың бұлтты ертіп келемін!» деп шаба жөнеліпті. Шаба жөнелер алдында ауылдағыларға былайша жарлық беріпті:

– Үй-үйдегі қатын-қалаш, бала-шаға түгелдей менің айғайым естілгенде сыртқа шығып, қолдарын аспанға жаятын болсын!

– Басыбайга жау!.. Басыбайға жау!.. Басыбайға!..

Әлгі шарт бойынша, бұны есітіп далаға шыққандар аспанға қол жаяды.

Бұдан арғы әңгімеде, әрине, жаңбырдың басқа жерге жауғаны айтылмаса да, Басыбайға жауғаны мадақталады. Қожекең Құдаймен тілдеспесе де, соған жақын дәріптеледі. Бірақ, ең қызығы басқа жерде жатыр. Мәселен, былай:

Бірнеше күн сапарда жүріп, ауылға келген соң Қойыс әлгі әңгімені /болған оқиғаны/ есітеді де, ішек-сілесі қатқанша күледі. Содан кейін ағасын өтірік те болса мақтайын деп үйіне барады, түстік жейді.

Бұл Қожбан баласы Досжанның сегіз жасар кезі екен. Қойыс жайғасып отырғаннан кейін Досжан оған:

— Молда аға, — депті /ол кезде солай деп оқымысты адамды айтқан ғой/ — көкем бұлтты ауғызды, Басыбайға жауғызды, Аты басып кете жаздады шеткі үйдегі дәу қызды.

Қожбан баласының бұл сөзіне тыжырынып:

— Тәйт, әрі!.. Тантымай отыр!.. десе керек. Ал, Қойыс өлең сөзге елең ете қалып, балаға:

— Жаңағы сөзіңді қайталап айтшы – дейді. Бала жаңағысын сәл өзгертіп қайталайды. Сонда Қойыс:

— Қайта қонған қаршыға осы болып жүрмесін?! Бәлкім, бұрынғының бунағы шығар бұл – деген екен.

Қайта қонып жүрген қай қаршыға екенін, бұл қай тұстағы бұрынғының бунығы екенін Қойыс ешкімге де айтпаған. Әйтеуір төкпе ақындық Қожбан баласынан шықаннан кейін Қойыстың өнер бастауын өзінен де әріге сілтеумен келісеміз.

***

Досжанның бозбала шағында себек ішіндегі Шәлен деген ақын қызбен айтысы /екеуінің де сөзі/ тұнып тұрған махаббат лирикасы секілді еді. Екеуінің де бірін-бірі үздіге сүйген лебіздері лекіп жүріп отырып, екі жақта аттастырып қойған жерлерін аттап кете алмайды. Аянышты-ақ!..

Жайық Арғынбай ақынмен Досжан айтысында ру ала ауыздығы негізінде аяусыз кескілесу бар:

Досжан:

Арғынбай ақынымсып шарқылдайды

Орыс көз, түрік ерін, тышқақ сары –

деп, қарсыласының әлсіз бақырауықтығын, қазаққа ұқсаңқырамайтын түрі-түсін кемсітсе,

Арғынбай:

Тартып жүр өсегіңді Досжан ақын,

Қазымсың асыранды сорлы ғана,-

деп, Досжанның аз рудан екенін бетіне басады.

Мұрат Мөңке ұлымен екі арадағы әңгімеде де осындай ілік-шалыс байқалады: Досжанды Мұратпен айтыстырмақ болып, екі арада кісілер жүрулі. Айтысуға екеуі де келісім беріпті. Бірақ, екі ақын екі түрлі шарт қойыпты.

Досжан шарты:

– Жайықтың шығыс жағын ол алсын, батыс беткейін мен аламын.

Мұрат шарты:

– Он екі ата байұлын мен алайын, айтысқа ол өзінің жеті руымен түссін.

Мұраттың шартын қабылдаса, тепе-теңдік бұзылатынын ескерген Досжан кездесуге келісім бермепті.

***

Дәл қай жылы екенін айту қиын, әйтеуір жасы ұлғая келе Досжанның көзі көрмей қалған.

– Сен үйіңе келген кісіден жақсы райыңды жасырып, төмен қарап отырушы ең. Содан соқыр болдың.

Кісінің бет-жүзіне қарамай, ойындағысын тура айтатын менің туған атам Жармұхамбет Досжанға бұлай дегенде, мүмкін, ол кездегі ақындардың алуға бар да, беруге бейім еместігін шенеген шығар. Бірақ, меніңше, дәл осы арада Жәрекеңнің мұнысы аса орынды айтылмаған пікір. Мен бұны өз анам Бағдагүлдің әр кезде қайталаған бір естелік сөзіне сүйеніп айтып отырмын.

– Өлеңші атам /Досжанды солай атаушы еді/ отырған жерінде астындағы төсеніш көрпенің алдыңғы пұшпағына саусағымен жазу жазып, ойша өлең жасаушы еді. Ондай кезде қасындағы кісімен ісі болмай, төмен қарап отыратын.

Әрине, Бекеңнің бұл сөзіне түсінік беріп жатудың қажеті жоқ. Бұл, сөзсіз, ақын табиғатын танытатын мінездеме, дәл бақылау.

***

Бір ғажабы, Досжан өзінің «Правитель Мақашқа айтқаны» делінетін аса көркем атақты туындысын осы көзі кеткен тұста дүниеге келтірген. Ол осы шығармасында:

Кәрілікке жеңдірдім

Топқа түсіп жүре алмай,

Дүбірді көрсем қозамын

Сабыр етіп тұра алмай – дей келіп:

Қартайғанның белгісі

Соқырлық кірді көзіме.

Жүрген жерім Мысыр болып тұр

Бұл Нарыннан безуге, –

дегенді айтып торығады. Сөйтіп отырып көне көкіректен ауызша суырған арналы да аталы сөздер көзі бардағы жазба дүниелерінен де әлде қайда биіктеп кеткен секілді. Бұл шығарма мынадай жағдайда туған.

Бекмұхамбетов Мақаш правитель кадет корпусын бітірген, география қоғамының мүшесі болған, прогресшіл, білімді кісі. Көшпелі елді отырықшылыққа айналдыру, баласын оқытып, егін салғызу, малын асылдандыру жөніндегі оның орыс тіліндегі проблемалық мақалалары бұл күнде әмбеге аян.

Бір жылы орыстың атақты ақындары Ярослав Смеляков пен Михаил Луконин біздің үйде сол Мақаш мақаласын оқи отырып: «Апырау, мына кісі орыс тілін бізден де шұрайлы пайдаланады ғой!» деп, қайран қалған.

Осы Мақаштың Әміржан деген баласы Қазан қаласында оқып жүріп қайтыс болады. Ол аз дегендей, сол қалада оқып жүрген Жәмил есімді баласы және қайтыс болады. Соңғысының қазасын есіттіруге елдің ең бір даулы ауыз дегендерінің өзі беттей алмайды. Игі жақсылар өз-ара ақылдысып, бұл миссияны Мақашпен көңілдес, жасы да түйдей құрдас Досжан ақынға жүктейді. Әсіресе, өлең сөзі әсерлі екені ескерілген болу керек.

Досжаның Қатпа деген баласы соқыр әке мінген атты шылбырынан жетекке алып, Мақаш аулына беттейді. Бұлар ара қонып келгенде Мақаш өзінің қабырғалары бөренеден түзілген көп бөлмелі көк үйінде отыр екен.

Сөз арасында айта кетейін, бұл көк үй совет тұсында Ганюшкиноға көшірілген. Аупартком хатшылары бірінен соң бірі келіп, сол үйде тұрды. Мен де неше дүркін сол үйдің қонағы болған едім. Тап қазір ол үйдің қандай екенін білмеймін.

Жол соқты болған Дошекең алғашқы күні моншалап, қымыз шайлап, жеңіл қонақасымен дамылдап дегендей, сөзге келесі күні кірісулі. Кейінгі айтылуда бұл ақуал былайша суреттеледі:

Көк үйдің сол жақ қанатындағы үлкен бөлмеде ертеңгі астан кейін басталған жыр біршама өрістей келіп:

Хан баласы ұқсаса

Қолына тұрмас ел алмай,

Би баласы ұқсаса, –

Жүгінсе қалмас төр алмай,

Ер баласы ұқсаса

Дұшпаннан қалмас кек алмай,

Жабыдан туған жалдыны

Жаратып қоспа бәйгеге,

Қоссаң да қалар келе алмай –

деген жеріне келгенде Мақаш бір қалың ойға шомғандай сыңай танытады.

Бұл заманның адамы

Жарлыны байдан кем көрер

Жетесіз әкім жеттім деп,

Жиренсе тентек тебіренер,

Тентегін ханмен тең көрер –

дейтін жерінде правитель кенет сергіп, «жөн жөн-ақ!» деп қалады.

Атамыз Адам, Хауана

Топырақтан жаралған,

Дүниеге шығып таралған,

Әбілді Қабыл өлтіріп,

Басталған өлім солардан

Гасиліктен сақтанған

Айтылды кеңес жоқ-бардан,

Түсіндірмей тоқталман.

Өлмей жүрсек көз көрер,

Шешендерден сөз келер

Сөзін түйер өзгелер,

Күні біткен күнде өлер,

Айы біткен айда өлер,

Жарлы да өлер, бай да өлер,

Қара да өлер, хан да өлер

Жаңа көрген нәрсе емес,

Естіп құлақ үйренер, —

деп, жыр шумақтары одан әрі қарай бір буалдыр тұманға бас сұға бастағанда правитель орнынан тұрып, екі қолын арқасына айқастыра ұстаған күйі, ары-бері адымдап жүріп кетеді, түсі бір түрлі түтігіп:

— Ау, мына зар жақ бірте-бірте бұзылып барады ғой, жылқыдан мал алдырып қазан көтеріңдер! – деген екен.

Мен тым балаң кезімде танысқандықтан Жәмил өлімін есіттіретін ең бір ауыр жерін ұмытыңқырап қалыппын. Әйтеуір, айтып-айтып келіп:

Көгістің ұлы Таманы,

Нәріктің ұлы Шораны,

Әміржандай баланы

Жоқ еткен Қазан қаласы,

Алланың қылған ісіне

Адамның бар ма таласы,

Назырып оған тұрғанда

Соңынан кеткен Жәмилжан,

Бақи күнге бағынған,

Көш басшы қоныс қарасын,

Қалғанды аллам жарылғар,

Хақтан тілек жат етіп,

Айырылмалық Пазылдан, –

детұғын сөздері есімде қалыпты, /Бұлардың арасында талай тамаша өлең шумақтары түсіп қалып жатыр/.

Осы арада білгізе кететін бір жәйт: Мақаштың Пазылдан кейін де баласы болған. 1952 жылы сақалсыз шашы, қою мұрты аппақ қудай бір үлкен кісі менің «Әке сыры», «Біздің ауылдың қызы» дейтін дастандарымды орысша жолма-жол тәржімәлаған еді. Ол кезде «Құрманғазыны» жаңа бастап жазып жүрген едім. «Қарағым осы дүниеңді тезірек аяқтасаңшы, көзімнің тірісінде тым құрыса жолма-жол аудармасын өзім жасап беріп кетейін» дегені де есімде. Сол кісі маған тегін танытуға мезгіл мінезінен именді ме, кім білсін, әйтеуір өзін белгізбеген күйінде дүниеден өтті. Ол кісі Мақаштың кіші әйелінен туған Шапхат екенін мен кейін білдім.

Жә, енді Досжан хақындағы сөзді аяқталық. Досжанның жаңағы Қатпа деген баласынан Сәлім туған. Сол Сәлім ағай өзі тірнектеп жинаған Досжан мұрасын /әрқайсысы әр кезде әркімнің қолымен жазылған көне қағаздарды/ маған көшіртуін көшіртіп еді-ау. Жоғарыда аталған айтыстарды, әлгі «Есіттіруді», басқа да ұсақ мысал, мысқыл сөздерді қара сүрікпен тысталған қалың дәптерге жәдитше мен де мөлдіретіп көшірудей-ақ көшіріп едім-ау!..

Сәлім ағай өзіндей мұнайшыларды демалыс күндері үйіне жинап жиі-жиі думан құратын. Сонда мақтаншақ ағай әлгі дәптерді кім көрінгенге оқытатын. Көбінше қонақтар кеткенде өзі мас болып жатып қалатын. Өзіме көшіріп алу үшін тым болмаса әлгі көне қағаздарды менде қалдыра тұрыңыз деп жалынғанымда мені баласынып, соны бермей алып кеткен.

Берегіректе, соғыстан кейін елге барған бір сапарымда мен одан сол дәптерді талап еттім.

– О-ой, пу-у-й, қарағым Хамитжан-ай, одан айырылып, мені қара басқалы қашан?!.

– Анау ұсақ нұсқалары-ше?

– Ойбай, қасқа болғанда түгелдей ұрлатып алдым ғой…

Пәпке… Түгел пәпкесімен кетті ғой..

– Іздестірмедіңіз бе?

– Қай қазақ маған үйін тінткізеді?..

Ішімді ит жыртқандай күйде ошарылып отырдым да қалдым.

Досжан мұрасынан құр қол себебіме кейін тоқталамын дегенде, білгізбегім осы еді.

1984, 85 жылдар.

Ғұмырнама

Өзіме дейінгі екі буын /резюме/

Қойыс баласы Жармұхамбет дау-шарға билік айтардай шешендігі, тапқырлығы бола тұра ақындық өнермен айналыспаған кісі екен. Ал, ақындық өнерге қояр талабы жоғары болған секілді. Оны Бағдагүлдің төмендегідей естелігінен аңғаруға болады. Ол былай дейтұғын:

– Кердері руынан шыққан Тәжі баласы Әбуғали дейтін кұда баламыз ауылда ақын атанып жүрді. Келін түсірген жерде өз жанынан бет-ашар айтып, куйеуі өлген жесірге жоқтау сөз жазып беретін, өлі тиген малға бәдік шығарғыш әжептеуір өнері бар жігіт секілді еді. Сол жігіт бір жылғы кұрбан айт күні біздің уйге келе қалды.

– Сені жұрт ақын болыпты ден жүр ғой, кәне, сөйлеп көрші – деді атам. Анау бейшара, кұлағына дейін қызарып, жаман қысылды /қалай дегенмен би алды қиын ғой/. Ақыры, атамның жоғарыдағы қасиеттеріне жомарттығын қоса жырлап, біршама сөйлеп шықты. Көзіне мақтағанды өлердей жек көретін, тіпті өлеңші атамның өзіне /Досжанның. Е.Х./ сол әдеті үшін қатты айтып тастап отыратын кісіге Әбу мадақтауы ұнамады ма, әлде сөзінің әсемдігі жетіспеді ме, – әйтеуір, кісі сөзін ұнатпағанда пысқырып қоятын дағдысына бағып, бір қолын жоғары көтерді.

– Жоқ, сен бұныңды қоя тұр. Мына қарапайым жұрттың білмейтін жерінен не білесің?

Әбуде үн жоқ.

– Түптеп келгенде, кердері Әубәкір сенің атаң ғой, сен сондай етіп тұсынды толғап, алдыңды болжап айта aлacың ба?

– Ой-ба-й. Жәке-ау, ол кайда бізге?!.

Сонда атам:

– Ендеше, сен ақын емес, әншейін ауыл арасындағы әлеулай екенсің. Ақын алысты қармайтын шежіре шешендігімен, сұңғылалығымен танылар болар – деп салды. Бұған қоса және бір айтқаны:

– Сөзіңе сай өзің де тым жуас екенсің. Қызулы ақын дегеніңіз кісі алдында қысылмас еді.

Әрине, Жәрекеңнің ақын білімді болу керек дегенін кұптай отырып, ол кісінің ауыл масштабын азырқануымен келіспеуге де болады. Өйткені, Қасым Аманжолов айтқандай, нағыз ақынның «бірден Пушкин болмай-ақ, Баймұқанша бастауы да» мүмкін ғой. Бәкеңнің айтуынша, от ауызды, орақ тілді үлкен беделдің әлгідей шамадан тыс қатал сынынан кейін Әбу өлең шығарғанды койып кетулі. Осындай ықпалды адамнан ығысып ауыз ашпай калғандар Жәрекеңнің өз балалары арасында да болды ма, әлде ақындық ГЕНА заңы бойынша араға буындар салды ма, кім білсін, – қайткенде де бергі жерде маған дейін ақындық өнермен айналысқан ешкім болған жоқ.

Өз әкем Ерғали жөнінде де айтылар сөз көп емес. Бұл кісі де ақын болмаған соң солай. Сөйте тұра, бұның әкесі Жәрекеңнен аздаған айырмасы барын, яғни, көркем сөзге жақынырақ жаратылысын аңғарта кету артық болмас.

Кешірерсіз, оған дейін де бірсыпыра білгізер жайлар бар екен ғой.

Бағдагүл он алты кұрсақ, он сегіз перзент көтерген. Мен солардың ең сонғысы, яғни сүт кенжесі екем. Жас жағынан алғанда осынау алшақтық пен әкеден тірідей екі жақтап, менің Ерекең табиғатын тaнып-бiлyiмe мүмкіндік бермеді. Мен бұл кісі жөнінде сөйлегенде, сәби шағымдағы кейбір нәрінжап, әлжуаз түйсігім мен кейінгілерден естігендеріме ғана сүйенемін.

Ұтыры келгенде аңғарта кетейін, мен бұла-шала күнімде әкенің кызығын емес, шыжығын бастан кешкен адаммын. Оны өз алдына бөлектеп айтпасам да. әңгіменің бағзы бір иіндері байқатып отырар.

… Қойыстың бір баласы Төлемістен Әбдірахман деген ағамыз болды. Оқымай-ақ тоқығаны көп, яки өз бетімен сауатын арттырған, тарихтың кайдағы-жайдағысын жатқа білетін феномен кісі еді. Бір нәрсені анык білмей өсіріп не өшіріп сөйлеуге Әбекең жанымен қас болатұғын. Мен әкем жайындағы мағлұматты шешем мен сол кісіден жинақтадым.

Ұлы Отан соғысынан ауыр жараланып Алматыға оралған соң «С.Қ.» редакциясында жұмыс атқарып жүріп. Гурьев облысындағы өзімнің Қамыс қалама /Новобогат/ бардым. Жұмағали есімді үлкен жездемнің үйіне Шүрегей дейтін қонысындағы Әбекеңді атарбамен алғыздым. «Ешбір қоспасы жоқ, тура шыны осы» деп мамам мақұлдаған сондағы Әбекең сөзі менің блокнотымда былай жазылыпты.

«Сенің әкең патша заманында Қойыстай старшына емес, аульный староста болды. Бұл лауазым – қазіргі ауыл советтің тұрақты комиссия мүшесі дәрежесінде /деңгейінде/. Совет Өкіметі жарияланғанда біздің ауылға Орда жағынан Бисен Жәнекешев келіп, Ерекең үйіне түсті. Түнгі әңгімеде Ерекең оған қатты ұнады: «Бізге осындай аузы дуалы кісі керек» деді. Ертеңіне Бисен Ерекеңді қисық қылышты милиционер жасады. Оған маңдайында кере қарыс қызыл шүберегі бар көк берік кигізді. «Қазір Қызыл әскерді басқарып жүрген бұрынғы үнтер офицердей болдыңыз да қалдыңыз!» – деп, Бисеннің жиналған жұртты бір ду күлдіргені есімде. Толстов құйыршықтарымен күрес тұсында Ерекең ат үстінен, түйе өркешінен түскен жоқ. Оның төмен шаруасы НЭП тұсында орта дәрежеге көтерілді. Кейін қойы мыңға жуықтағанда «Менің бағып отырғаным Лениннің малы. Бұны әлі-ақ үкімет өзі алады» деп отыратын Ерекең.

Ерғали өз бетімен орысша сауатын ашқан кісі. Лев Толстойды көп оқыған. «Лев Николаевичте бұл жөнінде былай делінген», деп, осы жазушыны аузынан тастамаушы еді. Әрегіректе «Вестникті», кейінгі кезде «Еңбекші қазақ», «Жұмыскер тілі» сияқты «Правданы», орысша бір журналды да алдырып, үзбей оқып отырушы еді. Карл Маркстың «Капиталынан» да хабардар болды-ау деймін. Өйткені, Ерекеңнің бір жолы: «Күндердің күнінде жерден Мади көктен Ғайса пайда болады деген сөз расқа сайып барады: Мәдиіңіз – подвалдан шыққан осы Маркс, мынау аэроплан көктен де осындай бір ғаламат кемеңгер адамды келтіреді» дегені есімде.

Әңгіменің осы жеріне келгенде мен Әбекең сөзін бөліп:

– Аға. осы кісінің ақындық өнерге көзқарасы жөнінде не айтар едіңіз? – дедім. Өйткені, біздің бағытымыздан басқа жаққа бұра тартып бара жатқан бұл әңгіменің жуық маңда түгесіле қоятын түрі байқалмады. Оның үстіне әлгі пайғамбарлармен параллель маған ұнаған жоқ.

Ұтыры келгенде аңғарта кетелік деген бөгде бұрылыс осы еді. Енді әлгі сұрағымызға қайтарылған жауапты оқылық:

– 1925, 26, 27-жылдары Ерекең калыңдығы үш елідей бірнеше папка толтырып кітап жазды. Бірақ, олар өлеңмен жазылған жоқ. Ол кітапта ішкі бөкейлік қазақ елінің шаруа тіршілігіндегі, тұрмыс салтындағы ерекшеліктер белгілі бір болған оқиғалар арқылы суреттеледі. Сіздерше айтқанда, сол беллетристика делінетін шығар. Бұнда көне заманғы әкімдер астамшылығы мен жала-пәле жапқыш арызқойлар, парақорлар сыналды. Сол жазбаның бір жерлерінде осы аталмыш аймақтан жиналған мақал-мәтел, нақыл сөздер тізілді. Бұған бет-ашар, жоқтау, бәдік, неке куәлігі, бақсының зікір салғаны секілді өлең сөздер де кірді. Бірақ, олар Ерекеңнің өзінікі емес, ел сөзі болатұғын. Осыны 1927 жылы тап қайда екенін білмеймін, әйтеуір Ақмешітке жіберген еді. Өзі осы елден кете-кеткенше содан жауап қайтпады. Ал, ауылда ақын кабылдап, өлең сөзге бәтуа-баға айтқан жерін көрген емеспін»

Mінe, Әбекеңнің әкем туралы маған берген мағлұматтары осылар ғана. Жеті-сегіз жacap кезімде әкемнің буда-буда кағаз шығындап, кауырсын каламмен ұшы-қиыр жоқ үлкен бір жазу жазғаны өзімнін де есімде. Ағаш тығыны мойнына байлаулы қызыл сия сауытын да білемін. Сол жазғандарын крайға /жоғары жақты солай деп атайтын/ жөнелтті дегенді де кұлағым шалғаны бар. «Еңбегінің барған жері тым кұрыса бір жапырақ қағазбен жауап та кайтармады» деп, берігіректе шешем де айтып отырушы еді. Қолжазба танысқан кісінің, талғамына татымай, тасталған шығар, немесе сол тұста малдануға оңай ондай адамның еңбегін бір пысық иемденген шығар – екеуінің қайсысы болганда да, ол енді жоқ қой дедім де, мен әкемнің қолжазбасын іздеуге әрекеттенбедім. Мүмкін, сол ақындық өнердің проза қалпына ауысқан түрін аңғартар ма еді, кім білсін…

Бала кезде бір мәрте естіген сөздің өзі ұмытылмак емес. Менің әкем аса әсерлі, таза, тұнық сөйлейтін кісі еді. Оның әркіммен әңгімесінде сирек қолданылатын соны сөздер жиі ұшырасады екен. Оны мен есейгеннен кейін байқадым. «Меғдар», «Кеңезе», «Аржайы» «Тәдбір», «Нәрінжап», «Қилап», «Сақи» «нәм» «уәж», «зіпір», «оспадар», «такрар» «талыс» деген секілді толып жатқан тың сөздерді мен сол әкемнен естігем. Ол кісінің сөз тіркестерінде «әліңе бақ», «көзіңе қара», «жетіп жығыл», «үдемей үнде», «шығыспай шене», «түбіне түсе бақ» секілді ылғи бір күрделі ұғымдар ұйысып жататын. Көкем маркұмның көзін көріп, әңгімесін естіген ел қарттары «ол кісінің кей сөздерінің мағынасын қасынан ұзай беріп кайтадан ойлап, кейін ұғынатынбыз» деп күні кешеге дейін айтатын. Бұл жағынан алғанда Әуезов пен Мүсіреповті нағыз ақын дейтінім сияқты өз әкеме де іштей ірілік телитінімді жасыра алмаймын.

Ақыры, әкем болмасы туралы әңгіме шеті көрінді ғой, соны толықтыра кетейін.

Осы кісіні жұрт сараң болған деседі. Соған сендіру үшін оның сараңдығына әкесі Жармұхамбеттің шамадан тыс сакилығын қарсы қояды. Маң даланы алдына салып, алыстағы елге жаяу беттеген адамды көзі шалса, соны бағытынан қайтартып алмай, соған аяқ aртap көлік жібермейтін Жәрекеңді менің шешем де мақтайтұғын. «Жарықтық атам» сен сөйтпейсің», таз нағашың Дүзбайға /баяғы Дүзбай ғой/ тартқан тар қолсың» деп, баласын бір жолы қатты жазғырған» дегенді, рас, Бәкең де айтатын.

– Әкем оған не деуші еді? – деймін мен қарап отырмай:

– Кісі әкесіне қарсы не деуші еді, үлкен үйден үндемей шығып кетті де, өз отауымызға келген соң: «Беталбатты шашыла берсең алған кісінің өзі де сені аса ақылды санамайды» – деді.

Тап осындай сөзді мен Мұхтар Әуезов аузынан да неше дүркін естідім. Мұхаң да таксидің шоферіне немесе даяшыға артық төлегенің өзіңді ақымақ сипатында танытады дейтұғын. Мәдениетті жұрттардың қайсы бірінде де той-томалаққа алтын жылтыратып немесе кілем арқалап апару болмағанын бір адам білсе, осы Мұхтар білді. Өзі ондай жиынға мықтағанда отыз сомдық құны бар сыйлық апарғанын қызы Ләйла да айтады. Кісіге көп сыйлықтан да көңіл бағалы деп білген ол. Бәсеке десе өршеленгіш өз басым осы жөнді сәл кейінірек ұғынғандаймын: Талай жерде өзіме сыйға тартылған кілемді бала бақшаға беріп кеттім.

Ерекеңде, яғни, біздің үйде овчарка тектес бір көк жал төбет болды. Аты «Қара ауыз» болатын. Соны қатты кыстың бір түнінде жарып өлтірген алты қасқырдың ізі қан сонарда жосылып жатты /басқа қазақы иттер қашып кеткенде болған іс қой/. Сол бейшараның жыртқыштарға жем болмай, ішегін сүйрете қашқан күйі, қыстау мыңына жетіп жығылғаны бар-ды.

– Бұл сорлы oсы мал үшін өліп кетті. Бұның азасына құнан қой сойыңдар да, етіне тойыңдар. Өзін қой қорасының төріне жерлеңдер!

Бұл ауыл жігіттеріне берілген Ерекең жарлығы. Орынды шығыннан қашпау дегеніңіз осы-ақ шығар. Ал, қазақта ит өліміне қай жомартыңыз малдан қан шығара қойды екен?.. Тіпті, осыны ит өлімі деп қараудың өзі надандық қой…

Ерекеңнің өз мезгіліне кереғар келетін де мінездері болған. Шешем бойындағы тақуалық ол кісіде жоқ еді. Қойыс зиратына барғанда ұзақ-ұзақ аят оқығаны болмаса, осы кісінің ораза ұстап, намазға жығылғанын да көрген емеспін. Біздің ауыл баланы сүндетке отырғызарда бұл кісі ауылда болмайды екен.

Шариғатта бар-жоғын білмеймін, әйтеуір Ерекеңнін айтуынша, баланың шүметейіне ұстара жүзін тигізіп-тигізіп қоя салса да, сол бола Мұхамбеттің сүндеті бола алады.

Осынау Ерекең ережесі мені бір пәледен құтқарған-ақ шығар деп, тоғыз жасыма дейін еркінсіп едім. Әкем ауылда жоқта алданып қалдым. Есейгендегі жарақат жаман екен. Соны айтқанымда әкемнің:

– Байғұс бала-ау, көнбе деп едім ғой!… – деп, теріс караған күйі, екі иығын бүлкілдете күлгенін байқағам.

Он жасымда әкеммен екеуден екеу жол шықтық. Ол кісімен сапарлас болуымның соңы да сол. Шетеннен тоқылған кузовы бар жеңіл тарантасқа жегулі кұла жорғаны сонаға тaлaтпау үшін Гурьевтен ауылға күн бата шыққанбыз. Ондай түнгі жүрісте құралпы баланың ұйықтайтыны заңды. Ал, мен ол жолы орындықта /сидение/ отырған әкемнің екі тақымының арасына жайлы орналасып алдым да, әншиін ұйықтаған баланың сыңайын ғана таныттым. Оған не себеп дейсіз ғой?.. Оған өмірімде әу деп ән салғанын естімеген әкемнің жақ жаппай, кұдды бір жырауларша қоңыр сазбен термелете сөйлегені себеп болды. Егер сол тебіреніс оның өзінікі болса, оны айтылмай кеткен ақын деп топшылар едім. Солай ма, солай емес пе – ол арасын ажырата алмағаннан кейін, бұған сүйеніп бірдеңе деу мүмкін емес. Қайткенде де, сол бір екіленіп ентікпейтін, тағдыр тауқыметіне наразыдай сабыр-салмағы налалы саз, сондағы қою түндей қошқыл, қоңыр саз менің құлағымда тұнған күйі тұрып қалды. Кейін шешеме бұл оқиғаны білгізгенімде:

– Жасырақ кезінде ән салғаны болмаса, оның ондайы жоқ еді ғой!.. – дегенді ғана айтты.

Ерғалиға тікелей қатысты әңгіме осымен тамам.

Ғұмырнама

Түйін

Сонымен, аздап болса да білемін деген өзіме дейінгі төркінім төрт буыннан құралды. Бұлар бастан кешірген екі жүз жыл меғдарында біздің нәсілдің бойында жүрген ақындық өнерді мен мынадай бір бейне сипатында көремін.

Бұл да кәдімгі ақын. Бірақ, жазмыштағы өлшеулі күні біткенде өле қалатын пенде емес. Қойысты Тасобадағы тар лахатқа жайғастырғаннан кейін ол да өзге ақындарша жалғыз тұғырдың үстінен түспей ел аралаған Досжан есімді айтулы «зар жақ» болып күн кешкен. Тағдыр оны екі көзінен айырып, су қараңғы соқыр халіне душар етсе де думансыз жерде жүрмеген.

Атырау жағалауындағы Шүрегей дейтін қарақат, бүлдіргені мол қопалы қоныстың бір биіктеу жеріне Досжан денесін жерлегеннен кейін бейуақ, бәлкім тағдыр, бұны пенде қалпынан айырады. Бұл енді көзге көрінбейтін көңіл қонағына, елеске айналады. Өзіне қатысты мақтау, даттау дегендерге ғайып күйінде құлақ түреді. «Мынауың жөн, мынауың қиянат» деп, тірілермен түгендесу правосын тағдыр бұған бұйыртпайды. Ал, өз тірлігіне бірде риза, бірде наразы болған ұрпақтары бұны түсінде ғана көріп, ісінде іргесін бұдан аулақ ұстаған. Олар мықтағанда бұның рухына дұға бағыштаса, боз қасқа шалған, ауырғандары Қойыстың басына барып түнеген, топырағымен беттерін жуған, сыпасына сырық орнатып, соған ақша байлаған. Ал, шынына келгенде, бұл сол тірі ұрпақтың өзімен бірге ауқаттанып, өмірге басқаша сипатта келудің сәтін күтіп тірі жүрген. Оны сақтаған – материя. Ал, мен – материалиспін. Ғайыптан пайда болдың десеңіз, мен соған тіпті де сенбеймін!

Тегінде сонау бір жол үстіндегі түнгі сарын соның кәдімгі адам – пенде қалпына қайтадан ауысар алдындағы хабары болса қайтерсіз?!. Ғажап емес!.. Өйткені, мен сол бір түнгі ұзын жол үстінде ояу отырдым ғой…

Ғұмырнама

Өлеңім — Өзім — Өмірім!

Біреудің кескін-келбетін біреу тап сол күйінде қайталай алмайтыны секілді, табиғат әр адамға өзіндік өмір тағайындайтыны рас. Сөйте тұра, адамдардың өмір жолын мазмұнына қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Өз басым тіпті соны сәтті-сәтсізге, пайдалы-залалдыға, бақытты-бақытсыға, тағы сондай бірдеңе-бірдеңелерге таратып жатпай-ақ, екі топқа бөлер едім де, қояр едім: 1. Қиындығынан қызығы басым өмір. 2. Қиындығымен қызық өмір (бұлардың сыртындағыларды өмір деп есептемеймін).

Біреулер осы екі түрлі өмірдің қайсы бірін бастан кешкенде де «Шіркін-ай, өмірді қайтадан бастасам!.. Өкінішті жерлеріме соқпай өтер едім-ау!..» дегенді айтады. Осының екінші тобындағы мына мен, ондай кеңшілік ала қалған жағдайда, шырғалаңы мол өмірімнің бір жеріне де түзету енгізбес едім. Өйткені, мен өзімнен жақсырақ өзге болуды көксеген жан емеспін. Тек соның арқасында ғана, өлеңім қандай болса, өзім сондай болып қалыптастым. Өзім басқаша жаратылып, өлеңім осы күйінде қалса масқара ғой!..

Бұл қолжазбадағы ендігі бүкіл әңгіме осы соңғы сөйлемдегі ұғымнан туындайды.

Ғұмырнама

Уыздық

«Бала кезімде мен де сондай ақын болсам-ау» деп армандадым» немесе «соған талпындым» деген секілді сөздерді осы күні кейбір ақындар ыңғайлы жерінде айтып қалып отырады. Өз басым ондай ынтығу кезеңін өтпедім. Бәлкім, оған біздің ауылда мені олайша еліктірердей ақын ұшыраспауы себеп болған шығар. Ал, кітаптағы хиссалар мен өз аталарымның бізге жеткен кейбір сөздерін мен тек жаттап алып айту үшін жасалған дүниелер деп ұқтым.

Бұған дейін талай жерде жазылған баяғы Смыдьяр нары бар емес пе?.. Сол ұры әкеткен нарға хиссалардағы жануарларша тіл бітірмек болғанда өлең жазып отырмын деп тіпті де ойлаған емеспін. «Осыдан бірдеңе шығады» деп, жұрт күңкілдесіп күлгеңде «бірдеңе» дегендері не нәрсе болды екен деп ойлайтын да қоятынмын.

Мені түзге шығаратын

Балқия дырау қатын.

немесе:

Үлкен мамамның асы

Қара өгіздің құйқасы. (Сәрби әжемді үлкен мама деуші едік)

Күтуші жеңгем, Сәлім әйелі Балқияның айтуынша, мұндай бірқақпайлар менде көп болулы. Осының соңғысы қай жылы айтылғанын білу оңай: Ашаршылық жылы үйтіп алған өгіз етінің соңы жұттан шыққан мал аузы көкке тигенше талшық болған көрінеді. Сонда бұл 1922 жылы, яғни менің алты жасқа аяқ басқа шағымда айтқан бірдеңе больш шығады.

Көкемнің Үйшікте Шадот (Федот не Федотов болу керек) дейтін тамыр орысы болды. Оның бізден не алатынын (бәлкім, мал шығар) білмеймін, әйтеуір біз үйіне барған сайын қалың сары қағазға орап, көкеме кісі бойындай бекіре сүрлеп беруші еді. Соның үйінде үкі, қарсақ, ақбөкен қатарлы бейтаныс бір тұлып (чучело) тұрды. Көкем маған оны құланның қодығы деп таныстырды.

Біздің үйде өлген ботаның тұлыбын бірінші мәрте көргенде мен оны «ботаның бодығы» деп атаппын. Бұны «тұлып» дейді деушілерге бой бермей, өзім қойған атауды айта беріппін, себебін сұрағандарға «құланның қодығы» болғаңда ботаның бодығы болмай ма, бұл ботаның өзі емес, бодығы деп жауап берулімін. Осындай ойдан шығарған екінші бір сөзімді білгізу үшін тағы бір эпизодты ұят та болса қағазға түсірейін (сәби сөзіне қашан да кешірім тиесі).

Сол жылдардың бір көктемінде қатты тасыған су Бақсай өзенінің екі бетінен еркін жайылып, қез келген ойпаң жер айырттан, тізеден келетін көлшікке айналды. Үлкендер тереңіректегі ірі сазандарды шанышқымен ауласа, кішкене балалар жағалаудағы шабақтарды жейде, орамалмен, тары елейтін елекпен де қармап жатты.

Тығыз отырған қанаттас ауылдардың барша баласы көл үстінде қара-құрым. Бөшік (Бақытжан) дейтін 14 жасар ағайыма ілесіп мен де барыппын. Ол менің бес не төрт жасар кезім.

Менің міндетім шабақ салынған шелек қасында тұрып соны қызықтау. Әйтсе де мен бір басқа қызықтың соңына түсіппін де, шелек жайына қалыпты. Ол былай:

Балық қызығына түскен балаларда ес жоқ. Суды шашырата жапатармағай жүгіріскен балалар ішінде бірді біреу біліп болмайды. Солардың біреуі – Бөшіктердей үлкен қыз шабақ қуалауға жалаң бұт кіріскен екен. Мен соған елеусіз ере беріппін, бұрын ешкімнен өзім көрмеген жерін ол еңкейген сайын қызықтай беріппін. Ал, қыз мені адам есебіне алмаған. Ақыры бір орайда байқап калып, төбемнен бір қойды да, ол менен құтылып кетті.

Бөшіктің айтуынша, мені жылатып кеткен сол сайтан Тоқпақ руынан Әзімбай деген шалдың қызы екен.

Балықтан түс ауа келсек, біздің үлкен үйдің сыртына ылғи бір ерттеулі бөтен аттар маталған. Бұл үйдің іші лықа толы қонақ деген сөз. Енді ойлап отырсам, тегінде солар шаруа жөнінде кеңескелі жиналған ауылнай, қощы ұйым бастығы, финагент секілді белсенділер мен ақсақалдар болу керек. Мұндайда Бөшіктер, ауылдың одан үлкендері де қонақ үстіне кірмейді Тіпті крайдан келген өкіл отырса да кимелеп кіре беретін жалғыз мен ғана болсам керек.

Мұнымды сүртуге де мұршам болмай, гу-гу әңгімесі қызған үлкендер үстіне ентіге кіре беріппін де:

– Көке, – деп даурығыппын,– тоқпақ Әзекеңнің қара қызының бұтында қыспақ болады екен, қыспақ!..

Есікке тақау жердегілер ауыздарын басқан күйі бір қырындап үйден шыға берулі де, аз-кем бөгеліп төмен қарасқан үлкендер жағы әңгімесін жалғастырған болыпты. Сол қатарда қыз әкесі Әзекең де отырған деседі.

Кісі кеткен соң шешем «ұялғаннан жерге кіре жаздағанын» айтса, әкем:

– Балам, сен әлгінде немене көрдім дедің? – деп, жаңағыны маған кайталатты. Сонсоң аз-кем езу тартқандай болды да:

– Өтірік сөйлемей, көргенін айтқанның айыбы жоқ. Бұған сол айтып келгені әлгі қыздан басқада жоқтай көрінген ғой. Гәп онда емес. Бұл өзі анада «бодық» дегенді айтып еді. Енді мынадай сөз ойлап шығарыпты… Сендер бұған күлмеңдер.

Жұрт күлсін-күлмесін, әйтеуір менің бір ғана сөзден құралған «шығармам» ауыл-аймакқа тез тарап кетті. Біреулер келіншектерімен әзілдескенде «Ғабдолхамит айтқан жағыңды қысып отыр!..» дейтінді шығарды.

Едәуір есейіп он жастан асқанда Есенжан ағайдын сүйген қызына арнаулы сөзін өлеңге айналдырған да бұдан бұрын әр түста жария болған-ды. Оллаһи, мен оны шашақты кәмпитке қызыққандықтан өйткен жоқпын, «сені ойласам бойыма ішкен асым тарамайды» деген сөзін естігенде шыныңда да бұл ас ішуден қалған екен деп ұғып, байғұс ағайымды аяп кеттім. «Өлмесін десең бір жолық» деген сөзді өз жанымнан қостым. Сөйткенде Есекең «ой, айналайын!» деп бетімнен сүйді. Міне, дәл осы тұста мен өзімше кәдімгідей әсерлі сөз жаза алдым-ау шамасы деп қалдым.

Енді осы арада бұрын айтылмаған, сол өлең хаттың өз сорыма шыққан бір зардабын айта кетейін. Өлең хатты алғаннан кейін қыз жолығысуға келісім берсе керек. Олай деуіме мынадай себеп бар.

Жер жасаң жылы маса бұлт боп буып тұрады. Сондайда жылқы шашаулап ит-кұсқа жем болмауы үшін, тым жырақ кетіп қолды болмауы үшін де оған күзет койылады. Есенжан бір жолы «түнгі күзетте ауыл-ауылдың жігіттері бас қосып түрліше ат ойынын көрсетеді, жаздағы қысқа таңның атқанын байқамай да қаласың!» деп қызықтырды да, мені бәсіре құнаныма мінгізіп, өзімен бірге түнгі күзетке ала кетті. Барғаннан кейін жылқыны қанаттас ауыл жігіттеріне табыстап, бір кұрбысымен екеуі мені басқа бір бағытқа жеке әкетсін. Ат ойыны сол жерде болатын шығар десем, олай емес екен. Бөтен ауыл сыртына жуықтай беріп, екі атты шылбырынан маған ұстатты да, өздері «казір келеміз» деп жаяу бір қырын кетті.

Сүттей жарық ай астында мен қалдым. Олар ұзақ уакыт келмей қойды. Маса тиген аттарда дегбір жоқ, тыпыршиды, пысқырады. Сөйтіп тұрғанда қой, түйе күзеткен келін-кепшіктер мені көріп қойса керек. Қотан төрінде масаға түтін салып жүрген солардың ішінен екі қатын үзіліп шықты да, менің қасыма жетіп келді. Менімен ісі жоқ, екеуі үңіліп-үңіліп, аттарға қарады, «Мына аттар дәл солардікі» десті. Сөйтті де бір атты менен еріксіз иемденіп өздеріне қолды қылды. Екінші аттың жүгенін, ер-тұрманын сыпырып алды да босатып жіберді. Енді мені қайтер екен деп қорқып тұрғанымда:

– Бар!.. Анау кеткен аттың соңынан ілесе берсең, жылқыңа адаспай жетесің, – деді біреуі.

– Бір иіс сабын мен бес аршын шытқа жарамаған жігітке осы керек, о несі-ай, өл де маған!.. – деді екіншісі. Енді ойласам, осылардың біреуі қызға хатты табыс етсе де жеңгетайлығын ала алмаған секілді.

Босанған ат ұстайды екен деп менен қашады, одан адасып қалмау үшін мен де көсілте шауып отырып, әп-сәтте жылқыма да жеттім-ау. Мен жапа шеккеніме онша ренжіген жоқпын. Бір жағынан бөтен ауылдың адамдары ағайымды сабап тастар ма деп қорықсам, екінші жағынан енді ағайымның ішкен асы бойына тарайтын шығар деп қуандым. Ауылға барған соң да оның бұл кұпия жорығын әшкере қылмадым. Міне, ол кезде махаббаттың осындай да машақаты болатұғын. Бәлкім ол сонысымен қызық, сонысымен беделді де болған шығар.

Базына дауы немен біткенін білмеймін, таң бозара екеуі бір атқа мінгесіп, арттағысы екінші ер-тұрманды арқасына таңған күйі ыржың-ыржың күлісіп, жылқыны ауылға беттеткен біздерге жанамадан қосылды.

Бізде Жем, әлде Сағыз бойынан келген бір адай жылқысы болды. Шабдар да, құла да емес, қоян жонды құрымсары, бітімі шағын бесті болатын. Жануар аламан бәйгеде алдына мал салмады. Бір жолы мен соның бағын байладым. Мен емес-ау, менен үш-төрт жасы үлкен, еркер балаша киінген қыздың қылған ісі еді ол.

Жиырма жеті аттың алдында талас келе жатқан екеуміз едік. Балалар ұран шақыратын межеге жеткенде мен де «Қара бура!.. Қойыс ата-а!..» деп, еппен тақымды іске қоса, тізгінді сәл босатып ем, ілгері ысырыла бердім.

– Көктемегір, көрейін озғаныңды!..

Шанқ еткен дауысқа қайырыла қарасам, менің бәлкім тартуға керек болар деген шылбырымның ұшы қыз қолына іліккен екен. Аттың көзін сүртуге әрі құлағының тұсынан желдете сілтеп отыру үшін берілген кішкене сапалағыммен қыздың қолына ұрғыласам да шылбырды одан ажыратып ала алмадым. Ызаға булығып жылап та жібердім. Сөйтіп келе жатқаңда не болды дейсіз ғой?..

Әкем Ерғалидың қызба мінезді Нұрғали дейтін ағасы (Есенжанның атасы, ат жаратушы да сол шал еді) Қара кер атпен жанай берді де, қызды желкесінен бүріп алып ат үстінен лақтырып жіберді. Әйтеуір құмдауыт жерге түскен қыз зақымдалмағаннан кейін, сарт-сұрт қамшыласып қалғандар да тез бітісті.

Атамды әлгі аяусыз қылығы үшін жек көріп кетсем керек, жанжал кезінде менен сұрағандарға: «ол бала менің шылбырыма жармасқан жоқ» – дедім. Сол үшін тентек шалдың төрт өрме қамшысы арқамды бір мәрте осып та кетті. Кейін атамды жамандап өлең жазайын деп едім, «Кісі атасын жамандамайды. Ал, өйтсең, сені өз әкең тағы да сабайды» деп, Есенжан жазғызбай қойды.

Осынау «Уыздық» бөліміне жататын жоғарыдағылардай қайсы біріне де менің сәбилігіммен жарыса жүріп отыратын, өзіме де мәлім емес «осыны айтпасаң болмайды» немесе «бұны дәл осылай деуің керек» деп тұратын бір шартты тұжырым, кесікті түрткі болған секілді. Ал, оған бұл шамаға келгеңде қандай да болса бір симптом тағайындау менің міндетіме кірмейді.

Осылайша өрбіген біздің балалық шақ, ерке дәурен он бір жасымда жалғасын таппай үзілді. Менімен ешкім асық та ойнамайтын болды. Әкем өзі айтқандай, жинаған малын үкіметке (мемлекетке – Е. X.) өткізген жоқ, оның барша дәулетін сол өңірдегі кедейлер бөлісіп алды да, өзі жер ауып кетті, өз аяғымен кетті. Бірақ, тағайындалған жерге тез барып жете коймағаны үшін жолшыбай қамауға алынып, Теке түрмесінде қайтыс болыпты. Заман ағымына ешқандай қарсы әрекет істемесе де, жалпы ел ішіндегі тап тартысы шегіне жеткенде оның өмірінің осылай аяқталмауы, бәлкім, мүмкін де болмаған шығар.

Анам заң жүзінде ажырасып, («Талақ қағаз» дейтінін алып) елде қалды, оның касында тек мен қалдым. Бірак, соның өзінде бесінші класты аяқтау қиынға соқты. Жан-жағымнан аяздай қарыған суық көздер арасында қалғым келмеді. Мектеп-интернат директоры Қожахметов Кенжеғали ағай:

– Қарағым, сен ешкімнің алдында кінәлі де, жауапты да емессің, тиісті паегыңды бізден алып, оқуыңды оқи бер. Балалардың білместіктен айтып қалатын сөздеріне бола налыма. Балалар саясатты білмейді. Оны мына коммунист мен білемін. Кеңес үкіметі сені сыртқа теппейді, сен болашақтың азаматысың, – деп, тағы осы сияқты алуан түрлі ұстаздық сөздерін айтып-ақ бақты. Бірақ мен тоғыз толғанып, он ойлансам да, өз байламымды бұза алмадым. Маған Үйшіктегі ФЗУ жылы құшағын ашатындай көрінді де тұрды. Мамаммен екі арадағы әңгіме қысқа болды.

– Кетеміз Үйшікке.

– Оқуынды қайтесің?

– Үйшікке барып оқимын.

…Мен қателеспеппін. Мені ФЗУ жанындағы үлкеңдер оқитын бөлім қабылдады. Болашақ ағаш шеберлерінің ішіңде ең кішкентай елгезегі де, еркесі де мен болдым. Сонда жүріп ФЗУ-дың өзінде оқитын жастармен тез табысып кеттім. Бұл жерде ешкімнен де салқын қабақ, суық көз көрінбеді. Тіпті ликбездегі аға, апалардың сауатын ашушылар қатарында қала шетіндегі қазақ ауыл дейтіннен өзім әжептәуір бедел жинадым.

Оқудан бос кезімде сол қазақ ауылдағы «Ұлт ойыны», «Деңгене» дегендерге қатысып жүрдім. «Ұлт ойыны» клуб, қызыл мүйістерде өтсе, «Деңгене» – жастардың өзара ақша жинап үйде өткізетін сауық кеші. Соған қарағанда бұл «Деңгене» деген атау орыстың «деньги» деген сөзінен шықса керек.

Жас жағынан тым шикі болсам да маған «Деңгенеде» қыз қасына отыратын жігіт орны да тиді. Осы «Деңгене» маған көбірек ұнады. Өйткені, қыз қасында тіпті мен секілді боқмұрынға да желік бітеді екен. Күй тарту, ән салу дегендерді мен соңда шығардым. Бәрінен бұрын қызға арнап өлең шығарып, оны альбомда көбейтуіме осы «Деңгене» көбірек себін тигізді.

Сөйтіп, мен уыз дәуренді «Астымда көк тайыммен зарлап шабам, сиынам әруағыңа Қойыс бабам!» деген удай ашы өлеңмен он бір жасымда аяқтап, бұла буын желігін мезгіліне жеткізбей жетекке алдым. Бірақ, не пайда, желкеден қысқан жетімдік күрмеуге келмейтін қысқа жіптің өзін қырқып тастап отырды.

Ғұмырнама

Комсомол

Ағаш шеберінің (плотник) оқуын да түгестік. Кәдімгідей балға, балта, атауыз, арба, егеу, қашау, бұрғы, сүргі қатарлы құралдардың, ысқыш, желім, сыр, шеге сықылды жабдықтардың қайсы бірін де іске қоса алатын қолы епсекті маман куәлігін алым. Оқып жүргенде жасап үйренген бұйымдарымыз дөрекілеу болса да стол, верстак, табуретка, скамейка, есік, терезе жақтаулары, газет, нан дүкеншіктері болатын.

Қызық-ай!.. Біреулер мені «ағаш ісмері (столяр) бола аласың!» деп мақтаған еді. Онысы өтірік дәріптеу екен. Өйткені, мен де кейбір шебер әріптестерімше кебеже, жастық ағаш жасап көріп едім. Заказ берген қазақ әйелі оларымды ұнатпай, айнып кетті. Степендияға қосымша табыс кіргіземін деп жүргенде бекер арам тер болыппын. Аядай бөлменің ішін жаңқаға толтырып ат-көпір еткем. Мамам байғүстан-ақ үят болды… Рас, өзіме домбыра жасап ала алдым: шанағы үш бұрышты демесеңіз, әжептәуір үні бартұғын.

Бұрың бәрі оқып жүргендегі әрекеттерім дедім ғой. Ал, оқуды бітірген соң ше?.. Неге екені белгісіз, мамаңдығымыз бойынша жұмыс берілгенге дейін бірнеше ай бойы кемеге теңіз жағасынан құрылысқа керекті тас тиейтін жүкші (грузчик) болады екенбіз – үлкендер арасыңда қабырғасы қатпаған маған ғана бұл жұмыс ауыр тиді.

ФЗУ-дағы жағдай мұнда жоқ. «Жоғалттым ара, балтамды, бұлғақтар қағып алды қалтамды» деп, жұртты ду күлдіріп отыратын күңдер қайда?!. Немесе, қазақ аулыңдағы «Деңгенеде»:

Күлгенде Ақ Жәкіштің демі қандай!..

Ғашық боп ауырғанның емі қандай?!. – деп

шалқитын, Сейтектің «Заман-айы» мен Әлкейдің «Қоңыр-ала» күйін күңіренте тартқан күңдер көзден бір-бір ұшты. Алғашқы апта жүзі аумай-ақ Нысан деген бір ағай:

– Қарағым-ай, – деді – қай қатын-балаңды асырай алмай қан-сорпа болып жүрсің?..

– Ол не дегеніңіз, аға, түсінбедім?..

– Түсінбейтін несі бар?.. Мына қалт-құлт еткен түріңмен бір күні жүк астында майып боласың ғой. Одан да оқымайсың ба?.. Оқытушы болмайсың ба?.. Бізге әжептәуір хат танытқаңда мұғалім болатыңдай көрініп ең. Өзің өлең шығарып айта алушы ең. Кім біледі, бәлкім, тіпті әртіс боп шығарсың.

Өзім де оқысам деуші едім, Мына кісі сол ойымның дәл үстінен түсіп тұр. Жалғыз-ақ… Шешем… Шешемді кім асырайды?..

Күйеулері тәп-тәуір қызмет істейтін өзім мен бірге туған екі апам бар. Ұсақ балалары көп молотобойчик Әмір ағайдың кемпірге қарасуға шамасы келмесе де, осы екі қызда мүмкіндік бар емес пе?.. Осылар сырттан болса да ептеп қараспай ма?..

Араға екі күн салдым да, «қой, бұл жүруім болмайды екен…» – деген тоқтамға келдім. Стройконтор дейтінмен есеп айырыстым. Сол күні салып отырып ГорОНО бардым. Бастығы Оспанбай Елубаев дейтін әдеміше ақ-сары жігіт екен. Жаны да жайсаң көрінді. Ол аз ойланып:

– Осында Орал пединститутының жанындағы рабфакқа бала алынып жатыр. Барасың ба –деді. ‘

– Барамын.

– Онда соған емтихан тапсырып көр.

Емтихан дегені бала қабылдаушы өкілдің абитуриентпен жәй әншейін ауыз-екі сөйлесуі екен. Менің білімім рабфактың даярлық курсына дәл келді – алыңдым. Стройконтордан алған тиын-тебенім, пароходтың билетіне де, жол азыққа да жетіп жығылды. Кіші апам Мәну де аздап көмектесті.

– Жайыққа шомылам деп суға кетті деп жүрер, тәулік жүзі ауғаннан кейін менің Оралға кеткенімді, соңда оқитын болғанымды мамама түсіңдіріп айтарсыз.

Кетерде көрші кемпірден өтінгенім осы ғана. Ал, өзім бір киер бірдеңелерімді ішіме тығып алдым да, Талқайраң жақтағы бір жолдасыма барып, ертең не кешке қарай ораламын деп алдап кеттім.

Бұл сапарға бет алғанда жасым да он жетіге толған-ды.

«Чапаев» пароходы Оралмен екі аралықта бірнеше күн жүреді екен. Екі жағы тепе-тең, тура жарты жолдағы қазақтар князь деп атайтын Калмыковаға келгенде мен бір түрлі алабұртып мұңлы ойлардан арыла алмадым. Оған екі түрлі себеп бар еді. Біріншісі: осы жерден тоқсан шақырым шығысга Қойыс әкесі Қалдыбайдың моласы жатқанын білетінмін.

Сонда Сыла екі баласымен осы өңірден босқан ғой? Осынау арғы ата қонысымыз Гурьев жеріне қарағанда артықша жасаң екен ғой. Малдың мыңғырып өсетін жері-ау, шамасы» деп ойлаймын ішімнен. Осыдан келіп менің басымда екінші ой өрбиді. Ол мынадай:

Әкемнің кіші әйелімен, жігіт болған балаларымен жер ауып бара жатып, тура сол жерден Әмір ағайға хат жазып кеткені бар еді. Хаттың текстін сөзбе-сөз келтіре алмасам да, мазмұны есімде. Ол хатты өз көзіммен мен де оқыдым. Оңда былай делінген: Қалдыбай бейітінен үш шақырымдай жерде бір апта бойы кідіріс жасадық. Ертең Текеге қарай жылжимыз. Осы жерде Ауқат дейтін бай маған бір көкала ат мінгізді. Баска түліктерін қоспағанда өзінің бес мың жылқысы бар. Мен болсам бір үйір жылқы, көш көліктік түйе, бір табын сиыр, бір жарым қора қойға бола осындай сүргінге ұшырадым. Ал, Ауқат мұнша дәулетпен іргесі шайқалмай әлі отыр. Дауыл ұйтқып соқты да өтті. Енді бұл мықтағанда орташа қатарында малын заготскотқа өткізеді де, өз елінің ортасында табан аудармай отыра береді. Не себепті?.. Бұл Ораз Исаев жолдастың өз ауылы, демек, Ауқат мырза оның өз ағайыны. Мен Үйшік жұртымен қоштасқан базардағы сөзімде «Үкімет саясаты дұрыс. Жойылсын жауыздық!.. Жасасын ғаділдік!» деген едім. Ғаділетсіздік әлі қанша жерге барарын кім білсін?!»

Қазақ жұртының жел айдаған каңбақтай тұрлаусыз, аянышты көне күндерін аңғартып жұртта қалған Қалдыбай моласы, араб әрпімен жазылған әлгі хаттағы ауыр нала біріне бірі тіркеліп, сол түнгі каютада маған ұйқы бермеді.

Жайықтың Чапаевты жұтқан жеріне таңға жақын жеткенбіз. Льбишенск ұйқыда болатын. Бұл уақыт сонау кайғылы қара түннен өзінше түйін жасатты.

Орыс тілінде жазылған шығарманы оқи алмайтын, оқысам да жөнді түсінбейтін кезім еді бұл. Фурманов романындағы оқиғаны Алпамыш Раисов деген жолдасымның ауызекі айтуы арқылы ғана білуші едім.

«Шіркін-ай, ақыры өлсең, Шапайша өлу керек қой!..»

«Қайран батыр казақ жерін, қазақ елін қасіреттен азат ету жолына өмірін қиды-ау!..»

«Шіркін-ай, осыны қазақ ақыны хисса қылып жазса ғой!..»

Бұлар менің аты шулы иінді көру үшін жұртпен бірге палубаға көтерілгеңде кеудемді кернеген ішкі тебіренсім еді. Күндердің күнінде сол дастанды өзі жазатынын бұл бала қайдан білсін- ау!..

Жә, енді Оралда өткерген жылдарымның жырларына біршама тоқталайын.

Рабфак (жұмысшы факультеті) дегеңініз есейіп калған мен секілді өңішең бір түбіт иек, одан ла үлкен жігіттер мен әбден бой жеткен қыздар, келіншектер оқитын жер екен. Даярлық курсты Шаған беттегі Некрасов көшесінде, төбесі нардың өркешіндей қызыл үйде бір кыс оқып түгестік. «Түгестік» деп айта салу оп-оңай. Ал, осы 1934-35 оқу жылы студенттерге өте ауыр тиді. Әсіресе, маған…

Айтулы карточная система кезі. Қара нан (400 гр.) болмай қалғаңда оның орнына толокно (талқан) дейтінді жейміз. Шынында ол нағыз дән талқаны емес, кенеусіз кебек ұнтағының қоспасы. Соған тоң май қатқан ашы капустаның сорпасы қосылады. Аздаған стипеңдиямызға базардан стакандап тары алып қаламыз. Бірақ, ол тез таусылады. Қар түскенге дейін пединституттың жаңадан салынып жатқан корпусына Жайық бойынан ат-арбамен құм, саз, әк тасып біраз табыс тапқан едік, қысқа қарай ол да тоқталып қалды.

Қиындық «әсіресе маған» деуімнің себебі бар. Біріншіден, менен басқа бәрінің дерлік арттарынан тары, бидай талқаны сарымай салынған посылка келеді. Егіні, малы жоқ Үйшіктегі үйлерде олар қайдан болсын?! Ең жаманы– себептің екіншісі. Күзде жабысқан безгек ауруы қыс бойы үстімнен түспей қойды. Мұғалімдер сабақта отырғанымда селкілдей бастасам-ақ, «Жатақханаңа барып жата ғой…» дейді. Барамын да, хининді аш қарынға ұрамын. Менсіз өткен сабақты жолдастарымнан көшіремін. Құдайға шүкір, сөйтіп жүріп ударниқ, кей тоқсанда тіпті отличник қатарында шығып жүрдім. «А» класында «Жас қалам» атты қабырға газетінің барлық материалын өз қолымнан өңдеп, көшіріп, соңына «редактор X. Ерғалиев» деп кол койып жүрдім.

Менің нашар жағдайымды жақсы білетін дирекция (Хасен Сатқанов ағай) аяды-ау деймін, ударник қатарына түсіп қалған тұсымда да маған отличниктермен бірге заттай, ақшалай сыйлық береді.

С. М. Кировтың қазасына байланысты өлең жаздым да, өзімнің газетіме жарияладым. Жоғарғы кластарға сабақ беру үшін келіп-кетіп жүретін пединститут мұғалімі Қажым Жұмалиев бірде кластарды аралап жүріп, менің өлеңімді көріпті.

Киров сыңды көсемді

Атып дұшпан тастаған,

Кайғысынан қамығып,

Жас балапан қақсаған.

Кісі мақтарлық еш қандай көркемдігі болмаса да, осындай шумақтар Қажекеңді елең еткізген көрінеді. Бір күні сабақ үстінде біреу есік ашты да, мұғалімге.

– Ерғалиевті директор шақырады – деді.

Отын үнемдеуден шығар, мұғалімдер бөлмесіндей емес, Сатқанов ағайдың кабинетінде пеш жағылып жарымайтын. Сондағы қара диванда сұлуша қоңыр жүзді, өткір көзді бір coque telephone avec cordondiscover morehttps://www.replicawatches.nu/product/rolex-datejust-41-126300-mens-blue-roman-numeral-dial-41mm-replica-watch/ жігіт сырт киіммен отыр екен. Құлақшыны, венгеркасы, тіпті етігінің қонышы да өңкей бір қара жалды торы құлынның терісінен тігіліпті.

Мен «Ассалау…» дей бергенімде, ол сәлемімді аяқтатпады, құдды менімен талайғы таныстай «Кел, Хамит!» деп, қасынан орын ұсынды. Сөйтті де:

– Ө-ө-зің, ақын екенсің ғой! – деп, алдыңғы сөзін шамадан тыс созды, қалғандарын бір-ақ төкті. Одан соңғы әңгіме ұзаққа бармады. Мұндағыдай институттың әдебиет үйірмесіне де қатысатын болдым.

Біздің көркем сөз дүниесіне етене енуіміз осыдан басталды да кетті.

1935 жылы мен безгектен құтылдым. Ел тоқшылыққа кенеле бастағаннан кейін мен де әлдендім. Жыл оқуын мақтау граммотасымен аяқтадым (Даярлық курста да сөйтіп бітіргем).

Каникул уақытында шешеме, Әмір ағайдың үйіші мен апаларыма барып, оларды жақсы оқуыммен, мұғалімдер, достар мақтаған өлеңдеріммен қуанттым. Ол кезде менің өлеңдерім пединституттың әдеби газетінде жарияланып жүрді. Олардың көпшілігі, әрине – мерекелік. Өзімше таптық көзқарасымды таныту үшін бұралаңсыз төте жол осында деп түсіндім. Ұлы Октябрь, Ленин күндері секілді, Бірінші май, Қызыл Әскер, әйел күндері секілді ірі мерекелерге байланысты өлең жазуды өзіме шарт санап алдым.

Бір қызығы, соларды Жұмәлиевше, өз оқытушым Оразақаевше нәшіне келтіріп сауық кештерде жатқа оқыдым. Бара-бара Сәкен, Сәбит, Ілияс, Асқар, Тайыр, Қажым шығармаларын өзімше «құйқылжытып, құбылтып оқу» арқылы үлкен репертуар жасап алдым. Осылар арқылы өрісімді кеңейттім. Өзімнің екі оқу орнынан сыртқары жатқан селхоз, пед. мед.техникумдарға, Сағынғали Сейітов досым оқитын «Водный рабфакқа» барып, кеш өткізетіндерді шығардым. Радиоға барып тақпақшы, әнші, спектакльдерде актер болдым. Облыстық олимпиада да бірінші жүлде алдым. Сөйтіп, қала масштабына танылып едім. Бір күні Облсовпроф мені жаңа ашылған театрға алғызбақ болып, одан әрең дегенде құтылдым. Бұл-алғашқы екі жыл ішіндегі әрекеттерім. Мен бұларды таратып айтпай-ақ қояйын. Өйткені, осылардың талайы «Өмір өрнегі» атты кітабымдағы Сәбит Мұқанов, Қасым Аманжолов, Сәттіғұл Жанғабылов туралы естеліктерімде, Сағынғали Сейітов туралы мақалада бір шама қамтылған.

1936 жылы менің өмірімде үш үлкен оқиға болды. Осы жылы менде төрттік баға болған жоқ. Тек қана – 5. Бірақ, бұл әлгі үш оқиғаға кірмейді. Үш оқиғаның екеуі бұрын талай жерде жазылғандықтан атүсті атап қана өтейін. Бұл жылы Орал облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде Ұлы Октябрь жеңісіне арнаулы «Тұңғыш» атты өлеңім жариаланды. Менің творчестволық өмірбаянымда да осы өлең тура жиырма жасымда жарық көрген тұңғышым болып есептеледі. Бұл жарқ етіп шыға келгендегі қуанышымды аз сөзбен айтып жеткізе алмаймын. «Ұлы кек» дейтін үлкен сюжетті поэма (байларды тап ретінде жою хақында) жазып, оны Сәкен Сейфуллин қол қойып отырған «Әдебиет майданы» (бүгінгі «Жұлдыз») атты журналға жібердім. Басылған жоқ. Бірақ, «менің еңбегімді Сәкеннің өзі оқыды-ау?!» деп ойлаудың өзі мен үшін аз қуаныш емес еді.

Ал, үшінші оқиға нендей қуаныш еді дейсіз ғой?.. Әңгіменің ең бір сүбелісі, міне, осы үшіншіде жатыр.

Математикадан сабақ беретін мұғаліміміз Сұлтан Әбдірахманов деген жас жігіт рабфактың комсоргы болатын.

– Хамит-ау, бір әңгіме бар, кабинетке жүрші, – деді ол бірде кешқұрым. Екеу-ара әңгімеміздің тақырыбы менің комсомол қатарына алынуым хақында қозғалды. Сұлтанға «Атын жұрт танып калған ақынымыз, оқу отличнигі Ерғалиев осы күнге дейін неге комсомол емес» дегеңді партком секретары, тарихшы ағай Хасен Ерғалиев неше дүркін айтыпты. Тіпті Обком комсомолдың бірінші секретары Қожахметовтің өзі актив кезіңдегі бір үзілісте бұған осы сұрақты қойыпты. Ол осының бәрін айта келіп:

– ІІІынында да ырғалып-жырғалып жүріп алдың ғой. Неше мәрте айтқаныма құлақ аспай келесің. Екі арада мен кінәлі болуға айналдым, – деп реніш білдірді. Мен былайша жалтардым.

– Бір комсомол құрлым қоғам қызметін атқарып жүрмін. Профком мүшесімін. АСО мүшесімін. Құдайсыздар ұйымының мүшесімін. Әдебиет үйірмесін басқарамын. Драма, хор үйірмелеріне, домбыра оркестріне қатысып жүрмін. ГСО, ПВХО, Ворошилов атқышы нормаларын тапсырдым. Өлең жазамын. Өлең оқуға баратын жерлерім көбейіп кетті. Осының бәрі сізге аз ба? Осының бәрі сабағыма әсер ете ме деп те қорқамын… Мұрнымнан су кетіп жүр…

– Әлгі айтқан жұмыстарыңның бәрін атқара алғаның үшін де сенің комсомол мүшесі болуың шарт. Әлде сен комсомол болғың келмей ме?.. Әлде сен оны менсінбейсің бе?..

Байқаймын, жігіттің соңғы сөзінде зіл бар. Енді қайттім?.. Ойланып жауабын ертең беретін болдым.

…Менен бір курс жоғары оқитын Бижан Жұмағалиев профком председателі, физкультураның мұғалімімен кейінгі мықтысы: шаңғыдан норма қабылдайды. Мен оның нормасын тапсыра алмай, шаңғымның бауы үзіліп, «Ханская роща» жақта жаяу қалып қойғанда да ол көңілдестік қылып, норма тапсырғандар қатарына қосқан. Өзі сауық кештерде студенттерден мәнерлі пирамида жасайды. Ал, мен болсам «өнердің сегіз қырлы серісімін». Сондықтан басқалардай төрт, алты кісілік емес, екеуміз оңаша екі орындық бөлмеде жататынбыз.

Бижан ұйқыда. Мен көрер таңды көзбен аттырғалы жатырмын. Сондағы ұшы-қиыры жоқ ойларымның қысқаша мазмұны мыналар:

«Әкем ақылды кісі деп жүрсем, білімсіз бейшара екен. Қойы түскірді топырлатып өсіре берді. Ең ақырғы жылда ғана кісі жалдады. Солармен бірге жүріп те үй-ішіміз түгелдей мал соңында салпаңдадық. Мен екеш мен де қозы бақтым, бұзау бақтым. Соның кесірінен латыншаның 1, 2 кластарын оқымай, баяғы Сабырдан алты жасымда бір қыс алған жәдитше сабақ көмегімен, яки, өз тіршілігіммен, үшінші класқа есейгенде әрең түстім. Өзгелермен зорға дегенде теңелдім. Ел қатарлы шаруасын шағын ұстап отырса, аштан өлетін бе еді?..

Ал, жарайды, дәулеті өскен екен. Сол өскен дәулетті «бұл Лениннің малы, үкімет өзі алады» дегені қайда?.. Оньщ бәрі ұстағанның колында, тістегеннің аузында кетпеді ме? Осы малдан госхоз жасалық деп Крайкомға, ол тыңдамаса Сталинге неге телеграмма бермеді? 20-30 қойды қаржыға айналдырып алып, Сталиннің өзіне неге бармады!.. Ол патша емес, ходоктарды қабылдаған Лениннің шәкірті мұны да қабылдар еді. «Мынау ұсынысыңыз жөн екен. Мен Голощекинге айтайын, бара беріңіз» дер еді. Соңда жұрт кешегі 32-жылғы аштыққа ұшырамас еді. Өзі де бүгінгідей жер ауып жексұрын көрінбес еді. Егер ертең комсомолға шынымды айтсам, бекерден бекер төңірегіме мен де жексұрын көрінбеймін бе?..

Апыр-ау, бүкіл сурет галереясын ел игілігіне өткізген Третьяковты білмесе білмей-ақ қойсын, ал, Энгельсті қалайша білмеді?.. Ол кісі туралы Совет өкіметі орнағалы барша баспа жүзіңде айтылып келе жатыр емес пе?..

Бұл ойлардың іске асуы мүмкін бе еді, олай емес пе еді, – онда менің жұмысым болған жоқ, – әйтеуір, осы бір кияннан қиянға шығандап жатқан ойлар ұзақ түн бойы менің шақшадай басымды шарадай қылды.

Ақыры комсомолға арыз беретін болдым. Төңірегіме жексұрын көрінбеу үшін, енді ғана жарық көргелі тұрған жауқазын өнеріме кесірі тимеу үшін әзірше тегімді жасыра тұруым керек деп шештім. Ал, Совет үкіметіне, партияға жан-тәніммен берілгенімді, заман жаршысы бола алатынымды еңбегіммен дәлелдей алатын дәрежеге жеткеңде бәрібір шынымды айтамын, шынымды айтпай партияға өтпеймін деп түйдім. Бұл өзі менің сорыма қарай «Әкесі үшін баласы жауапты емес» деген жалғыз ауыз жылы сөз де айтыла қоймаған кез еді.

Өрті қаулап аты шулы 1937 жыл да келді. Халық жауы атанып Обкомның бірінші секретары Құрамысов, облыстық газет редакторы Иманқұлов, Обкомолдың біріншісі Қожахметов, «Комсомол ұрпағының» редакторы Қождуанов, тіпті республика комсомолының біріншісі Тәштитов та, тіпті менің тәңірім Сәкеннің өзі қамауға алыңды деп естідік.

Дәл осы тұста, менің үшінші курста жүрген кезімде, яғни, рабфакты бітіретін жылымның бас кезіңде комсомолдың есеп беру-сайлау жиналысы болды. Мен президиумдамын. Осы жолы рабфак комсомол комитетінің бюро мүшелігіне тағы да өтетінімді, қалалық конференцияға делегат боп сайланатынымды да (айтып қойған) біліп отырмын.

Шынымды айтамын деген межеге әлі де жете қоймаған едім. Орал, Гурьев газеттерінде талай өлеңім жарияланып үлгерсе де, ол еңбектерім өзіме әзірше тым қораш көрінетін. Бірақ, амал қайсы, мезгілдің мынадай ауыр тұсында ниеті қара әлдекімдерше қалай жасырынамын?.. Көп болса сайламай қояр. Әрі кеткенде комсомолдан шығарар. Сталиндік Конституция кеше ғана қабылданды. Сөзге, оқып білім алуға праволымын.

Осы байламға тоқтадым да, шешендер санатында сөз кезегі өзіме келгенде айтып-ақ жібердім. Әлгіде ғана менің кандидатурамды ду қол шапалақтап қуаттағандар әуелі сілтідей тына қалды. Ауыр тыныштық ұзаққа бармады.

– Міне, көрдіңдер ме, бөрінің бөлтірігі қайда жүреді?..

– Комсомолға еніп кету үшін әдейі белсенді болған…

– Әдейі сол ұшін жақсы оқыған…

– Біздің қырағылығымызды жою үшін, партия, Октябрь туралы өлеңдер жазған.

– Бұның тағы да істеген нелері бар екен, тексеру керек.

Бұдан кейін қайта-қайта дауысқа салып, президиумнен түсірді, жиналыстан шығарып жіберді. Сөйтіп, комсомолдың уставы да, тіпті Конституция да жайына қалды.

Сол күні түн ішінде жаңа сайланған бюро мәжілісін шақырып, мені комсомолдан шығарды. Ертеңіне оны төтенше жиналыс бекітті. Ол қаулыны ертеңіне қалалық Комитет бекітіп билетімді алды.

Оның ертеңіне-ше?.. Ой, сұмдық-ай!..

– Хамит, сені біз профсоюз қатарынан шығардық. Қайтесің… Бұған да көнесің-дағы…

Бижанның кешкісін бөлмеге кешігіңкіреп келгендегі хабары еді бұл. Осыны ол теріс айналып айтты, соған қарағаңда, сірә көзі жасаураған-ау деймін. Бұл барып тұрған асыра сілтеу екен, профсоюз менің стажыма тиіскен жоқ.

Актив санатындағы шын достарым Қайырғали Байғалиев, Тілекеш Рахымшиев, Ризхан Жапанов, тағы бір көңілдес жолдастар ел жатқан соң жасырынып келіп көңіл айтысты. Олар есітіп келген сұмдық жоғарыдағылардың көкесіндей.

Жолдастардың түнде айтқандарына нанар-нанбасымды білмей, сабақта отырғанымда дпректорға шақырылдым.

– Қарағым, рабфакта қала алмайтын болдың.

– Ау, менің оқып-білім алуға правом бар емес пе еді?

Қалған бір-ақ қыс ішінде мен оқыды екен деп осы рабфак өртеніп кете қоймас.

– Арыз бар, көп.

– Қандай?

– Сенен жеті қыз жәбір көріпті.

– Өздері жазған ба?

– Жоқ, білетін біреу жазып отыр.

– Өтірік қой?

– Қарағым-ай, өтірік болса да, сонікі рас. Сені қорғайтындай бізде шама қалып отыр ма?..

– Тағы не істеппін?

– Сәкен Сейфуллинмен байланысың болыпты ғой.

– Ондай байланыс бола алмай қалған еді ғой.

– Жазғаныңды жіберген екенсің – сол болды деген сөз. Сонымен, әкең-бай, табынғаның – халық жауы, жәбірлегенің – қазақтың сұқсырдай жеті қызы. Осынша айыптан кейін сені рабфакта қалдырсам, менін басым кетеді ғой.

– Ендеше басыңызды сақтаңыз, қайран ағайым. Мен сіздің қара басыңызға тіпті де ренжімеймін. Маған аш-жалаңаш кезімде талай көмек бергенсіз. Қош, сау болыңыз! – дедім. Бейшараны аяп кетгім. «Сатқанов Қасен ағай аса қайырымды кісі еді ғой!» деп, кейін менің талай жерде айтып отыратынымды ол бейшара күні бұрын білген болса да, оның осыдан басқаға шама-шарқы жоқ еді.

Міне, артынан рахатын керген комсомолым алғашында маған осындай драма теліген-ді.