Кім екен тебіренген өрде биік?
Әлде ол қас қыран бар өр ақиық?
Жаңғыртқан Алатауды зор даусымен
Ол ақын – өршіл Хамит Ерғалиев!
Ақын ол дауылпаздай буырқанған,
Даусынан түйілгенде бұлт ауған.
Ішінде көп шынардың байтеректей,
Еңсесі асқақтаған биік таудан.
Күй шерткен дастанында Құрманғазы,
Күңіреніп жан тербеткен сырлар сазы.
Жаңғырған жырларында өр кеуделі
Заманның өрендері, сырбаздары.
Жыршы ол шебер шерткен ән ырғағын
Теңселтіп махабаттың аруларын.
Жігіттей құлпырады көрген сайын
Өзінің сүйіктісі – Әнуәрін.
Өрлік көп өмірінде ой салатын,
Қиын жоқ ол шегініп тайсалатын.
Ерлердей жорықтарда жеңіп шыққан
Әлі де әлеуетті – қайсар ақын.
1986